19 наурызда Қазақстанда парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сайлау нәтижесін талқылау мақсатында 2023 жылдың 20 наурызында «Парламент сайлауы: жаңа жүйе – жаңа мақсаттар» тақырыбында «ҚСЗИ GPS» ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысын өткізді.
Іс-шара барысында сайлау қорытындысы мен саяси дискурсты одан әрі дамытуға арналған болжамдар ортаға салынды. Сондай-ақ сарапшылар сайлау Қазақстанның саяси жүйесін толықтай қалпына келтіру жолындағы алғашқы және негізгі қадам болғаны туралы ортақ пікірге келді.
2022 жылы Президент бастаған саяси реформалардың тұтас циклінің аяқталуы туралы айта келе, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бұл сайлаудың бір нәтижесі Қазақстанның парламентаризм институты мен партиялық өрісін одан әрі дамыту және нығайту болатынын атап өтті.
Парламенттік сайлауға 10 мыңнан астам бір мандаттық кандидаттар қатысқаны белгілі. Олардың 61,81 пайызы өзін-өзi ұсынғандар болса, 38,19 пайызы түрлi саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктерден қатысқандар.
Еркін Тұқымовтың айтуынша, мәжілісте мажоритарлық депутаттар өзгерістер енгізсе, “пропорционалды” депутаттар оларды қолдайды.
«Мәжіліске өткен партиялардың да, жаңа партиялардың да партиялық мәдениеті аралас жүйені енгізу арқылы одан әрі дамитынына сенім артуға болады. Сондай-ақ аралас жүйе сайлаушылар мен халық қалаулылары арасындағы байланысты нығайтуға көмектесуі тиіс. Осы жаңашылдықтың арқасында сайлау науқаны қызық өткенін байқадық. Кандиттар арасында үш пікірталас өтті. Бұл материалдардың барлығын болашақ үміткерлерге нұсқаулық ретінде және саясаттанушыларға зерттеу тақырыбы ретінде YouTube арқылы көруге болады. Реформалар мен сайлау үлкен мүмкіндік берсе де, партия құрғысы келетіндерге үлкен жауапкершілік жүктелетінін ұмытпау қажет. Еліміздің партиялары, әсіресе, өңірлерде айтарлықтай кең қолдауға ие болуы керек. Сол себепті ұзақ мерзімді қызмет стратегиясының болуы маңызды», – дей келе, Еркін Тұқымов жаңа Мәжілістің қалай жұмыс істейтінін және реформалар мен сайлаулар саяси жүйеге қалай әсер ететітін талқылауды ұсынды.
Жиынға қатысқан Этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев парламент пен басқа да билік институттары арасындағы қарым-қатынас енді өзгеретініне сенім білдірді.
«Мәжілісте партияаралық бәсеке, сонымен қатар төменгі палатада 20 жылдай болмаған фракцияаралық пен бір мандатты кандидаттар арасында күрес болады деп күтеміз. Олар заң шығарушы органның жұмысына жаңашылдық енгізеді деп сенеміз», – деді Т.Қалиев.
Өз кезегінде саясаттанушы Жанар Түлендинова сайлау Қазақстан үшін шарықтау шегі деп айтты.
«Биыл электоралдық шаралар көп болды. Партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға қатысуы үшін барынша жағдай жасалды. Парламенттік оппозиция туралы заң қабылданып, партиялардың Мәжіліске өту шегі төмендеді. Нәтижесінде 2004 жылдан бері алғаш рет осындай көппартиялы Мәжіліске жеттік», – деді Ж.Түлендинова.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Жанар Бұқанованың айтуынша, бұл жолғы сайлау барысында ескертулер аз болды.
«2022 жылдың желтоқсан айында сайлау комиссиясының мүшелеріне, яғни олардың біліктілігіне, білім дәрежесіне, жұмыс тәжірибесіне бірқатар талаптар қойылды. Өткен сайлауда Орталық сайлау комиссиясы мен электоралды оқыту орталығы аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне, округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне және сайлау учаскілерінің мүшелеріне онлайн және офлайн форматта оқыту ұйымдастырды. Онда тек hard skills ғана емес, сонымен қатар soft skill-ке де, яғни коммуникациялық қабілеттерге назар аударылды. Осы жұмыстың нәтижелерінің бірі – сайлау комиссиялары жұмысының жоғары бағалануы. Сонымен қатар ОБСЕ баяндамасында өткен жылы президенттік сайлау кезінде электоралды оқыту мәселесі өте жоғары бағаланды. Жалпы осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде қазіргі сайлауда кемшіліктер аз болды деуге болады», – деді Ж. Бұқанова.
ҚБТУ профессоры, халықаралық қатынастар PhD докторы Қайыржан Әбдіхалықов бақылаушылардың рөлі заңнамалық өзгерістерге байланысты соңғы жылдары артқанын айтты.
«Біз Алматы қаласында 1700 тәуелсіз бақылаушыны оқыту жұмыстарын ұйымдастырдық. Олардың кейінгі тәжірибесі кандидаттардың сенімді өкілдерін дайындауға назар аудару қажет екенін көрсетті», – деді сарапшы.
Саясаттанушы Ассоль Мирманованың пайымдауынша, қоғам үшін пікірталас пен плюрализм арқылы тұрақтылықты сақтау маңызды.
«Мәжілісте де пікірталас сындарлы диалог арқылы шешілуі тиіс. Саяси дискурстың негізгі векторы парламенттегі жетекші күшке айналатын төменгі палатаға көшеді. Мұнда заң жобаларын талқылау және әзірлеу бойынша негізгі жұмыс жүргізілетін болады», – деді А.Мирманова.
«Еуразиялық мониторинг» талдамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаев: «Біз Қазақстанды демократия дамып келе жатқан ел деп атауға мүмкіндік беретін байыпты қадамдар жасадық. Өткен сайлау соңғы бірнеше жылда жүргізілген реформаларға оң баға беруге мүмкіндік береді. Біз «азулы» парламентті көреміз деп үміттенеміз. Өйткені, шындық талас-тартыстан туады. Міне, осы шындыққа ұмтылуымыз қажет».
Қорытындылай келе, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, саясаттану PhD Нұрбек Пұсырманов сайлау аясында және өткізілген реформалардың арқасында халық өкілеттігінің жаңа серпілісі орын алғанын айтты.
«Жалпы айтсақ, осы сайлау аясында және өткізілген реформалардың арқасында халық өкілеттігінің жаңа серпілісі орын алды. Мәслихаттардың жұмысы күшейеді. Бұған себепші – бірнеше өкілеттіктердің жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне көшуі. Мәслихаттардың жоғары деңгейдегі билікке де ықпалы бар, өйткені олар Сенат депутаттарын сайлайды», – деді спикер.