Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев 13-ші «Орталық Азия – Жапония» Токио диалогында сөз сөйлеп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды. Талқылауларға Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің, Орталық Азия елдерінің дипломатиялық ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ Хоккайдо университеті, София университеті және Жапонияның Қорғаныс саласындағы зерттеулер жөніндегі ұлттық институтының сарапшылары қатысты.
«Орталық Азия мен Шығыс Азияның экономикалық өзара байланысы елдеріміздің тұрақтылығы мен тиімді дамуының негізгі тірегіне айналуы мүмкін», – деді А. Құрмашев, ғаламдық тұрақсыздық жағдайында сауда-экономикалық өзара әрекеттестіктің маңыздылығын ерекше атап өтіп.
Маңызды тақырыптардың бірі – сараптамалық ынтымақтастықты дамыту болды. Осыған байланысты ол 2025 жылғы 6 наурызда ҚСЗИ Қазақстандағы Жапония Елшілігімен бірлесіп, өңірдегі сараптамалық орталықтардың қатысуымен алғашқы «Орталық Азия + Жапония» сараптамалық диалогын өткізгенін атап өтті. Айдар Құрмашевтың айтуынша, бұл форматты институционализациялау саясат пен экономика салаларындағы негізгі мәселелерді талқылауға арналған тұрақты платформа қалыптастыруға мүмкіндік береді: «Сараптамалық құрылымдардың шешім қабылдау орталықтарына жақындығын ескере отырып, диалогты тұрақты негізде өткізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл саяси және экономикалық деңгейдегі бірлескен жұмысты аналитикалық қамтамасыз етуге септігін тигізеді».
Талқыланған бастамалар мен ұсыныстар Орталық Азия мен Жапония арасындағы әріптестікті нығайтып, өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа бірлескен жобаларға негіз болады деп күтіледі.

