Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы жастар комиссиясының басшылық құрамына кірді

ҚСЗИ сарапшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы жастар комиссиясының басшылық құрамына кірді

Ағымдағы жылдың 20 маусымында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы жастардың құқықтарын қорғау жөніндегі «Еркіндік рухы» комиссиясының алғашқы отырысы өтті.

Комиссия төрағасының орынбасары болып ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Айдана Акесина тағайындалды.

Комиссияның алғашқы отырысында омбудсмен Артур Ластаев арнайы комиссия құру бастамасы жастар арасында жоғары қызығушылық тудырғанын атап өтті. Осыған байланысты комиссияның бастапқы жоспарланған құрамы екі есеге ұлғайтылған. «Комиссияның тұжырымдамасын әзірлеу кезінде біз бірқатар үздік үлгілерге сүйендік. Әсіресе, 1995 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Жастарға қатысты Дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы ерекше назар аударылды. Бұл бағдарлама жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған және қазіргі уақытта да өзектілігін жоғалтпаған. Бағдарламада білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, бос уақытты ұйымдастыру, жастардың қоғамдық өмірге және шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуы, сондай-ақ аштық, кедейлік, нашақорлық және қылмыспен күрес мәселелері қамтылған. Қазіргі таңда бұл тізімге лудомания мәселесін де қосуға болады. Осы және басқа да мәселелер «Еркіндік рухы» комиссиясының басым бағыттарының қатарына енді», — деді Артур Ластаев.

Жаңа консультативтік-кеңесші органның құрамына 18 бен 35 жас аралығындағы 45 адам енді. Олардың қатарында жас заңгерлер, зерттеушілер, өңірлік және астаналық жоғары оқу орындарының студенттері, аналитика мектебінің түлектері, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері, республикалық «ҚСА» студенттік қозғалысының өкілдері, студенттік омбудсмен, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі бар. Комиссия мүшелері өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады.