Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Жұмағұлов ҚР Президенті жанындағы Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстелде баяндама жасады. Іс-шараның басты тақырыбы — азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз етудегі конституциялық экономиканың рөлі.
Өз сөзінде ҚСЗИ сарапшысы бірнеше маңызды мәселеге тоқталды.
Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық құқықтар — бұл тек теориялық ұғым емес, нақты мемлекеттік саясаттың бағыттаушы принциптері. Жұмағұлов еңбек ету, әлеуметтік қамсыздандыру және кәсіпкерлікпен айналысу құқықтары тек заң жүзінде танылып қана қоймай, оларды іске асырудың нақты механизмдерімен қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ауыл тұрғындары мен осал топтардың қала халқымен салыстырғанда құқықтарға қол жеткізудегі теңсіздік — «құқықтардағы асимметрия» мәселесіне назар аударды.
Екіншіден, М.Жұмағұловтың айтуынша, конституциялық экономиканың қағидаттары толық көлемде жүзеге аспай отыр. ҚСЗИ сарапшысының пікірінше, Қазақстанда экономикалық заңнаманың мазмұны мен Конституцияда айқындалған құндылықтар арасында институционалдық алшақтық бар. Атап айтқанда, қазіргі салық және еңбек саясаты әрдайым әділеттілік пен инклюзивтілікке ықпал ете бермейді. Бұл қайшылықтарды еңсеру үшін заң жобаларын әзірлеу барысында Конституциялық әсерді бағалау (Constitutional Impact Assessment) тетігін енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ, Марат Жұмағұлов парламенттік және соттық бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл Парламенттің мониторингтік функцияларын кеңейтуді және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын сот арқылы қорғауға қолжетімділікті арттыруды талап етеді. Сонымен қатар, сарапшы цифрландыру мен қоғамдық қатысудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері нормативтік құқықтық актілерді (НҚА) әзірлеу барысында Constitutional Impact Assessment тетіктерін енгізуді, азаматтық сараптамаға арналған цифрлық платформаларды дамытуды, экономикалық құқықтарды іске асыруға байланысты әділетті сотқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан экономикалық стратегияларды терең талдаудан өткізуді ұсынды.
Марат Жұмағұловтың пікірінше, конституциялық экономиканы дамыту заңгерлер, экономистер, әлеуметтанушылар мен цифрлық аналитиктер арасындағы пәнаралық диалогсыз мүмкін емес.
Дөңгелек үстел жұмысына ғылыми және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Нархоз университетінің Конституциялық экономика орталығының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Виктор Малиновский, ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Аубакирова және өзге де танымал құқықтанушы ғалымдар.