2025 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында БҰҰ-ның 80 жылдығына және Қазақстанның осы ұйымға кіру күніне арналған «БҰҰ-ның 80 жылдығы және Қазақстанның рөлі: көпжақтылықтың болашағы» атты панельдік пікірталас өтті. Іс-шараны БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Президенттік орталығы және ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды. Пікірталасқа халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар, сараптамалық орталықтар мен академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Пікірталасқа қатысушылар атап өткендей, БҰҰ-ның 80 жылдығы – жаһандық сын-қатерлерді шешудегі мультилатерализмнің рөлін қайта қарау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды белес. Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға ресми түрде қосылды және соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде ұйымның белсенді мүшесі ретінде танылды. Біздің еліміз мультилатерализм қағидаттарына және БҰҰ-ның жүйеқұраушы рөлін күшейтуге адалдығын үнемі растап келеді, сондай-ақ әділетті және қауіпсіз әлемді ілгерілетуге, Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосуда.
Панельдік пікірталас спикерлерінің бірі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы – Дәурен Әбен өз сөзінде БҰҰ-ның халықаралық ынтымақтастықтың басты алаңы және жаһандық мультилатерализмнің тірегі ретіндегі рөліне ерекше назар аударды. Қазіргі геосаяси жағдайдағы көпжақты дипломатияның дәстүрлі тетіктерінің дағдарысы мен әлемнің жетекші державаларының көзқарастарының өзгеруіне қарамастан, БҰҰ институционалдық тұрақтылыққа ие және өз қызметінің негізгі қағидаттарын сақтай отырып, жаңа шынайылықтарға бейімделу әлеуетіне ие.
Дәурен Әбен Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, соның ішінде ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау және ұйым мен оның институттарының тиімділігін арттыру бойынша Қазақстанның көзқарасын ұсынды. Оның пікірінше, осы тұрғыда ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ТДМ жөніндегі Өңірлік орталығын құру бастамасын іске асыру ерекше маңызға ие.
Іс-шара барысында сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің м.а. Стивен О’Малли, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Қазақстандағы Бразилия елшісі Марсель Фортуна Биато, Қазақстандағы Түркия елшісі Мустафа Капуджу және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Ракишева сөз сөйледі.


