Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі конференцияда сөз сөйледі

ҚСЗИ сарапшысы Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі конференцияда сөз сөйледі

2025 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев Халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) саяси бейілділікті арттыру жөніндегі конференцияда баяндама жасады. Іс-шара Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК) мен оның негізін қалаған алты мемлекет – Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасы бірлесіп іске қосқан ХГҚ жөніндегі Ғаламдық бастама аясында өтті.

Конференцияға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, ғылыми мекемелер мен академиялық қауымдастықтар, сондай-ақ Ғаламдық бастаманы құрған мемлекеттердің дипломатиялық өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты – қазіргі қарулы қақтығыстар жағдайында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау тетіктерін нығайтуға бағытталған практикалық шараларды талқылау болды.

Өз сөзінде Мұхит Асанбаев халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау жөніндегі Ғаламдық бастаманы дамытудың өңірлік өлшемін атап өтті. Ол қазіргі замандағы қақтығыстар халықаралық қауымдастықтан жай ғана декларациялар емес, нақты және үйлестірілген бірлескен іс-қимылдарды талап ететінін айтты. Сондай-ақ Қазақстан қосылған бұл Ғаламдық бастаманың осы бағыттағы жұмыстың маңызды құралы болып табылатыны ерекше атап өтілді.

Конференция қорытындысы бойынша, қатысушылар бұл кездесудің нәтижелері Ғаламдық бастаманы дамытудың келесі кезеңіне және 2026 жылы жоспарланған, соғыс жағдайында адамгершілікті қорғау мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі кездесуге дайындыққа маңызды үлес қосатынын атап өтті.