Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің зерттеу алаңында «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру контекстінде тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеуді құқықтық реттеу: сын-тегеуріндер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Форумға түрлі елдердің ғалымдары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық ұйымдар қатысып, экологиялық сын-қатерлерді және қалдықтарды басқарудың құқықтық тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Марат Жұмағұлов «Қатты коммуналдық қалдықтарды басқаруды құқықтық реттеудің конституциялық және әкімшілік негіздері: сын-қатерлер мен даму жолдары» тақырыбында аналитикалық баяндама жасады.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда коммуналдық қалдықтардың жылдық көлемі 5-6 млн тоннаны құрайды, ал қайта өңдеу деңгейі 22-25% шамасында қалып отыр. Бұл ретте 2030 жылға қарай мақсатты көрсеткіш — 40%. Мұндай жағдай жүйелі шешімдерді және нормативтік базаны жаңғыртуды талап етеді.
М. Жұмағұлов назар аударған негізгі проблемалық мәселелер мыналар болды:
1. Қалдықтарды бөлек жинаудың бірыңғай стандартының болмауы, бұл жергілікті тәжірибелердің ала-құлалығына және қайталама шикізат нарығының қалыптасуына кедергі келтіреді.
2. Тарифтік саясаттың жетілмегендігі, мұнда басымдық қайта өңдеуге емес, көмуге берілген.
3. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері тетігінің олқылықтары, соның ішінде қаржыландырудың ашықтығы мен оның нәтижелерге байланыстылығы.
4. Қалдықтарды есепке алудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің болмауы, бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.
Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдірудің басым қадамдары ретінде ұсынылды:
— елді мекендердің барлығына ортақ қалдықтарды бөлек жинаудың бірыңғай стандартын бекіту;
— сұрыптау мен қайта өңдеу шығындарын ескере отырып, тарифтерді есептеу әдістемесін жаңарту;
— өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында қаржыландырудың ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету;
- мәліметтерді объективті талдау үшін қалдық ағындарын есепке алудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру.
Қорытындылай келе, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Марат Жұмағұлов түбегейлі реформа қажет еместігін, керісінше, заңнаманы нысаналы түрде жаңғырту арқылы Қазақстанда орнықты даму мақсаттарына сәйкес экономикалық тұрғыдан орнықты қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыруға болатынын атап өтті.