Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Ташкенттегі су дипломатиясы жөніндегі конференцияға қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Ташкенттегі су дипломатиясы жөніндегі конференцияға қатысты

2025 жылғы 10 сәуірде Ташкент қаласында «Орталық Азиядағы су дипломатиясы: тұрақты дамуға негізделген сенім, диалог және ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Даурен Әбен қатысты.

Іс-шараны Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты ұйымдастырды. Институт серіктестері ретінде Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрлігі, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті, Фридрих Эберт қоры, Халықаралық су ресурстарын басқару институты, Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі германия қоғамы атсалысты.

Форумға Амудария мен Сырдария бассейнінде орналасқан мемлекеттердің, Аралды құтқару халықаралық қорының, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек миссиясының, сондай-ақ басқа да 15-тен астам халықаралық және өңірлік ұйым өкілдерін қоса алғанда, 10-нан астам елден 100-ге жуық қатысушы жиналды. Бір айта кетерлігі, өңірдегі су ресурстарын басқару мәселелері бойынша өткізілген көпжақты диалогқа алғаш рет Ауғанстанның ресми делегациясы қатысты.

Конференция барысында Орталық Азия елдерінің стратегиялық зерттеу институттары, салалық ғылыми-зерттеу мекемелері мен су шаруашылығы ведомстволарының мамандары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар баяндамалар жасады. Спикерлер су дипломатиясының халықаралық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыты ретінде маңыздылығын атап өтті, әсіресе жаһандық мен өңірлік су тапшылығы тәуекелдері күшейіп тұрған қазіргі жағдайда. Олардың пікірінше, форум аясындағы пікір алмасу Орталық Азияда өзара тиімді су ынтымақтастығының қарқынын сақтауға тұрақтылық береді әрі жаһандық су-климаттық күн тәртібін қалыптастыруға елеулі үлес қосады. Ауғанстан өкілдері Орталық Азия елдері мен Ауғанстан арасындағы өзара сенім мен түсіністікке негізделген көпжақты ынтымақтастықтың жандануын құптап, су саласына қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Олар Ауғанстанның өңірде су ресурстарын әділ әрі тұрақты басқаруға бағытталған сындарлы, мазмұнды және тең құқылы диалогқа дайын екенін жеткізді.

Даурен Әбен «Орталық Азиядағы су саласындағы сын-қатерлер, жетістіктер мен өзекті мәселелер: су дипломатиясының рөлі» атты сессия аясында баяндама жасады. ҚСЗИ сарапшысы Қазақстан үшін Арал теңізі мәселесін шешу, трансшекаралық су ресурстарын басқару және су-энергетикалық қарым-қатынастарды дамыту бойынша өңір елдерімен ынтымақтастық әрдайым басым бағыт болғанын атап өтті. Даурен Әбеннің айтуынша, еліміздің дипломатиясы Орталық Азия мемлекеттерінің бөлшектенуіне жол бермеуге және өңірлік су ресурстарын пайдаланудың бірыңғай әрі үйлестірілген тәсілдерін әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар, ол су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі институционализациялау қажеттігін және экологиялық пен экономикалық аспектілерді ескере отырып, өзара қолайлы шешімдер табудың маңыздылығын атап өтті.

ҚСЗИ өкілі Қазақстанның ауған тарапымен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға бейілді екенін білдіре отырып, Ауғанстанның өңірлік су ресурстарын басқаруға қатысуы бұл саладағы үйлестіру тиімділігін арттыруға ықпал ететініне үміт білдірді. Бұл үдерісті Қазақстанның бастамасымен Алматы қаласында құрылған Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы да қолдайтын болады. Даурен Әбеннің пікірінше, Орталық Азия елдері су-энергетикалық ресурстарды өзара тиімді әрі келісілген тәсілдер негізінде ұтымды және тиімді пайдаланған жағдайда, бұл өңірдің алдағы экономикалық дамуына, экологиялық жағдайына, сондай-ақ энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Конференция соңында қатысушылар «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің жұмысымен танысып, Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруін зерттеу университетіне (Green University) барды.