Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Түркі мемлекеттері ұйымының сараптамалық орталықтары қатысқан халықаралық конференцияда баяндама жасады

ҚСЗИ сарапшысы Түркі мемлекеттері ұйымының сараптамалық орталықтары қатысқан халықаралық конференцияда баяндама жасады

2025 жылғы 14 сәуірде Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жетекші сараптамалық орталықтарының халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара түркі елдері арасындағы сауда-көлік интеграциясы мәселелеріне арналды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Кұрмашев конференцияға онлайн-форматта қатысты.

Конференция Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте өткен Түркі мемлекеттерінің XI саммитінде көтерген бастамасы аясында Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығының қолдауымен Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы (CERR) тарапынан ұйымдастырылды.

Айдар Құрмашев өз баяндамасында түркі мемлекеттері арасындағы сауда-көлік байланысы мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымын таныстырып, орнықты өсімді қамтамасыз етудегі бірлескен инфрақұрылымдық және цифрлық бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

ҚСЗИ өкілінің айтуынша, физикалық, цифрлық және институционалдық байланыстың тиімділігі өңірлік дамудың басты факторына айналуда. Ол сондай-ақ Қазақстанның көлік және цифрлық инфрақұрылымға белсенді инвестиция салып жатқанын және ТМҰ аясында көлік дәліздерінің келісілген әрі экологиялық тұрғыдан тұрақты дамуын қолдайтынын атап өтті.

Сарапшы сондай-ақ транзитке негізделген тәсілдерден өндірістік кластерлерді, ғылыми орталықтарды және білім беру хабтарын дамыту арқылы қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға көшу қажеттігін баса айтты.

«Байланыстылық – бұл инфрақұрылымда, деректерде және мүмкіндіктерде көрініс тапқан бірлік», – деп атап өтті ол.

Конференция сараптамалық орталықтар арасындағы тәжірибе алмасуға, бірлескен стратегиялар әзірлеуге, сондай-ақ ТМҰ аясындағы әріптестік пен кәсіби байланысты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.