2024 жылғы 7 қазанда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Қазақстан мен Жапония арасындағы сараптамалық диалогты тереңдетуге арналған алаң болды. Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері басқармасының орынбасары Ишикава Масаки бастаған делегациясымен кездесу барысында екі елдің талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Кездесуге қатысушылар халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасып, Орталық Азия мен Жапонияның өзара әрекеттесу мәселелеріне тоқталды. Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына, оның ішінде түрлі онлайн кездесулер мен отырыстар өткізуге ерекше назар аударылды.
Тараптар екі елдің талдау орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, сыртқы саясат пен экономикалық ынтымақтастық саласында нақты болжамдар мен ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті. Кездесудің соңында екі тараптың өкілдері ынтымақтастықты жалғастыруға және сараптамалық алмасуды дамытуға дайын екендіктерін білдірді, бұл Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті тереңдетуге ықпал етеді.