Skip to content
Басты бет » Мәдениеттер тоғысындағы әйелдер: бірегейлік мозаикасы

Мәдениеттер тоғысындағы әйелдер: бірегейлік мозаикасы

Жанар Нақыпбаева,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы

Қазақстан әйелдері елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында маңызды рөл атқарады. Олар жалпы халық санының 51,2%-ын (2024 жылғы мәліметтер бойынша) құрай отырып, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларына белсенді қатысады және көптеген әлеуметтік рөлдерді, оның ішінде отбасылық (жұбай, ана, келін) және кәсіби (маман, басшы, саяси қызметкер) рөлдерді атқарады.

Егер сандар арқылы айтатын болсақ: қазақстандық әйелдердің жартысынан көбі жұбай, ана және келін рөлдерін атқарады. Мысалы, кәмелетке толған әйелдердің 58,9%-ы некеде тұрады, 75,4%-ы бір  мен он және одан да көп балаға дейін тәрбиелеп отыр. Олардың 24%-ы көпбалалы болып есептеледі[1]; әйелдердің 56,6%-ы кәсіби білім беру саласына белсенді түрде қатысады (1-диаграмма)[2], ал 47,9%-ы кәсіби қызметтің әртүрлі салаларына тартылып, экономиканың санқилы алаңдарында маман ретінде маңызды рөл ойнайды (2-диаграмма)[3]; әйелдер басқарушы және орта деңгейдегі менеджерлер ретінде маңызды рөл атқарады, олар бұл санаттағы адамдардың жалпы санының 68,7%-ын құрайды (3-диаграмма)[4]; әйелдер кәсіпкерлер рөлінде де жетістіктерге жетуде. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдегі кәсіпкерлік нарығында әйелдердің ШОБ жетекшілігіндегі үлесі 48,1%-ды құрайды[5].

Ұсынылған деректер қазақстандық әйелдерді дәстүрлі гендерлік рөлдерді сақтаумен қатар ұлттық мәдени құндылықтарға құрмет көрсететін, жоғары деңгейдегі автономия мен дербес күшке ие тұлға деп сипаттауға мүмкіндік береді. Олар тек елдің демографиялық дамуына белсенді қатысып қана қоймайды (кәмелетке толған әйелдердің үштен біріне жуығы көпбалалы екенін ескерсек), сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық салаға да елеулі үлес қосады.

Дегенмен, әйелдердің елдегі елеулі экономикалық және әлеуметтік белсенділігіне қарамастан, олардың қоғамға қосқан үлесі мен нақты жағдайы арасындағы қарым-қатынас тепе-тең емес. Қазіргі таңдағы гендерлік теңсіздік пен зорлық-зомбылық, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық тұрғысындағы қазақстандық әйелдерге қатысты кең талқылаулар статистикалық деректер мен шынайы өмір арасындағы алшақтықты көрсетеді. Десе де, қазіргі уақытта бұл мәселелер институционалдық деңгейде шешімін табуда. Әйелдердің саясаттағы рөлі, олардың құқықтары мен гендерлік теңдік мәселелері ғылыми жарияланымдарда, заңдарда және зерттеулерде талдануда. Алайда, олардың күнделікті өміріне, өмірлік бағдарларына, жалпы алғанда, әлеуметтік бірегейлігіне қатысты мәселелер өзектілігін сақтай отырып, әрі қарай талқылауға ашық қалуда.

 «Этностық қоғамдастықтардағы әйелдер азаматтық және этникалық бірегейліктің өндіру мен қалыптасуының каналы ретінде (Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мысалында)» атты зерттеу[6] Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын әйелдердің жағдайын, күнделікті өмірі мен бірегейлігін зерттеуге бағытталды.

 Зерттеуге Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын, өзбектер, түріктер, тәжік, күрд және корей секілді әртүрлі этникалық топтарының мүшесі болып табылатын 18 жастан асқан 139 әйел қатысты. Бақылау тобы ретінде қазақ әйелдері таңдалды. Осы ұсынылып отырған материалда өзбек және түрік этникалық топтарының өкілдері болып табылатын әйелдердің әлеуметтік бірегейлігі талданды.

Зерттеу нәтижелері бойынша екі аймақтағы әйелдердің әлеуметтік бірегейлік құрылымында үш негізгі компонент басым екені анықталды, олар — азаматтық, этникалық және діни.

Бірегейліктің азаматтық сипаттағы қасиеттері отан туралы түсініктер, әлеуметтік белсенділік және азаматтық ұстаныммен байланысты.

Бұл мағынада жас әйелдер, тұратын аймақтарына қарамастан, өз қауымдастықтарының өміріне белсене қатысып, мақсаттары мен оларды жүзеге асыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Олар ҚХА мен Аналар кеңесінің жұмысына, сайлау процестеріне қатысады. Мысалы, кейбір өзбек әйелдері сайлау комиссияларының жұмысына белсене қатысып, «Аманат» саяси партиясының өкілі ретінде сайлауға түсуде.

Әйелдер үшін Отан сезімі, ең алдымен, туған жерімен, балалық шағымен, жақын адамдарымен, сондай-ақ ынтымақ пен бауырмалдық сезімімен байланысты.

Этникалық бірегейлік компоненттері келесі аспектілерде көрінеді: тілдің сақталуы (күнделікті қарым-қатынаста ана тілін белсенді пайдалану және оны келесі ұрпақтарға жеткізу), дәстүрлі құндылықтарды қабылдау (дәстүрлі нормалар мен әдет-ғұрыптарды мойындау және ұстану), мәдени тәжірибелердің сақталуы (дәстүрлі киім стильдері, рәсімдер мен әдет-ғұрыптарды қолдау).

Зерттеу барысында түрік әйелдерінің этникалық тарихты қабылдауында белгілі бір ерекшеліктер бар екені анықталды. Әйелдер өз мәдениетінің күнделікті тәжірибелері мен дәстүрлерін жақсы білсе де, олардың этникалық тарихы туралы білімдері фрагментарлық сипатқа ие. Тарихи оқиғалар мен үдерістер көбінесе ауызша әңгімелер мен отбасылық тарих арқылы жеткізіледі, бұл өткен шақ туралы қарапайым және фрагментарлы түсініктер қалыптастырады. Шымкентте тұратын әйелдердің этникалық бірегейлігі Түркістан облысындағы әйелдердің бірегейлігімен көп ортақ сипаттарға ие. Алайда, шымкенттік әйелдерде олардың этникалық санасының қалыптасуына әсер ететін танымдық компонент айқын көрінеді. Осы бірегейлік аспектісі олардың нарративтерінде көрініс табады, бұл әңгімелерде этникалық тарих терең және көп қырлы білім ретінде ұсынылады. Шымкенттік әйелдер өз этникалық тобының жаңа мәдени ортаға қоныс аудару және интеграциялану процесін егжей-тегжейлі сипаттайды. Олардың әңгімелері дәстүрлер, әдет-ғұрыптар және мәдени ерекшеліктерге қатысты көптеген егжей-тегжейлі деректермен байытылған, бұл олардың мәдени мұраларын жоғары деңгейде түсінетінін көрсетеді. Осылайша, Шымкент әйелдерінің этникалық бірегейлігі ерекше танымдық компонентімен ерекшеленеді, бұл олардың өзін-өзі бірегейлендіруін байытады және этностарының тарихымен байланысын нығайтады.

Өзбек этникалық тобының өкілдері арасында этникалық ерекшеліктер көбінесе мұсылмандық көзқарастармен тығыз байланысты мәдени спецификаны көрсетеді. Діни сенімдер түрік әйелдерінің де күнделікті өміріне және маңызды өмірлік шешімдер қабылдауына айтарлықтай әсер етеді.

Зерттеу әйелдердің бірегейлігінің көпқабатты сипатын ерекше атап көрсетеді, онда этникалық, мәдени, діни және азаматтық компоненттер өзара байланысып, ерекше «Мен» бейнесін қалыптастыруда. Дегенмен, олардың рөлдері әйелдердің тұрғылықты жеріне байланысты өзгеруі мүмкін екендігі де ескерілуі керек. Мысалы, қалалық елді мекендерде немесе ірі қалаларда діни және этникалық идентификация маңызды рөл атқаруын жалғастырғанымен, басымдық көбінесе азаматтық бірегейлікке беріледі, өйткені қала өмірі әйелдерге өзін-өзі дамыту үшін көп мүмкіндіктер ұсынады. Қалалық орта әйелдерден жаңа жағдайларға бейімделуді талап етеді. Қалалық инфрақұрылым, білім беру мекемелері және жұмыс орындары білім алуға және кәсіби өсуге қолайлы жағдай жасайды. Қала өміріне белсенді қатысатын әйелдер әртүрлі мәдениеттер және көзқарастармен бетпе-бет келеді, бұл оларға өз шекараларын кеңейтуіне және дәстүрлі түсініктерін қайта қарауына мүмкіндік береді.

Зерттеуде әйелдер олардың әлеуметтік бірегейлігі арқылы қарастырылып, олардың қоғамдағы атқаратын рөлдерінің әралуандылығы анықталды. Соған қарамастан, зерттеу нәтижесі әйелдердің негізгі қызметтерінің бірі балаларды тәрбиелеу екенін көрсетті, сол арқылы олар жаңа ұрпақты қалыптастыруға белсенді қатысады. Сондықтан, бұл зерттеу олардың күнделікті өмірі мен бірегейлігін тек сандық көрсеткіштер арқылы ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік, мәдени және тәрбиелік рөлдерінің мағыналық контекстін ашатын сапалық аспектілерге де баса назар аудару қажеттілігін көрсетеді.

1 — диаграмма. Кәсіби білім беру саласына тартылған 15 жастан асқан әйелдердің үлесі

2-диаграмма. Әйелдер жұмыс істейтін экономика салалары

3-диаграмма. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің өкілдігі


[1] Неке және отбасы. 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының қорытындылары

[2] Қазақстан Республикасындағы білім беру. 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының қорытындылары

[3] Қазақстан Республикасында халықтың жұмыспен қамтылуы (II том). 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының қорытындылары

[4] Сапаргаликызы Ж., Сейдуманов С. Т., Казахстанские женщины в органах государственного управления: институциональные условия и карьерные стратегии. Женщина в российском обществе 2021. № 3. С. 18—31

[5] https://gender.stat.gov.kz/ru/category/6

[6] «Этностық қоғамдастықтардағы әйелдер азаматтық және этникалық бірегейліктің өндіру мен қалыптасуының каналы ретінде (Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мысалында)» жобасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды..