Кульбаева Асем,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Маңғыстау облысындағы өкілі,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы
Ұлттық құрылтай маңызды саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылап, елдің дамуына және оның әлеуметтік-мәдени бірлігін нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлейтін платформа ретінде қызмет етіп келеді. Азаматтық белсенділіктің бір түрі-еріктілік. Волонтерлік бастамалар әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуда және азаматтық қоғамды дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Ұлттық құрылтай еріктілер қозғалысын мемлекеттік деңгейде ілгерілету мен қолдаудың маңызды құралы бола алады. Ұлттық құрылтай және еріктілік — азаматтық қоғамды нығайту, әлеуметтік белсенділікті ынталандыру және өзара көмек пен қолдау негізінде өзекті сын-қатерлерді шешуге және алға жылжуға қабілетті ұйымшыл және жауапты ұлтты қалыптастыру идеясы арқылы көптеген жұмыстарды жүзеге асыра алады.
2024-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасы қабылданды. Волонтерлікті қолдау азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді, өйткені волонтерлер түрлі қоғамдық және қайырымдылық бастамаларға белсенді қатыса отырып, азаматтардың қоғамдық мәселелерді шешуге деген сенімін және белсенділігін арттыруға көмектеседі. Маңғыстау өңірі волонтерлік бойынша ел басына күн туған сын сағаттарда бүкіл өңірге үлгі боларлықтай іс-әрекеттер жасап келеді.Ұлттың ұйытқысы болатын киелі Маңғыстау жастары былтырғы жылы су тасқыны орын алғанда да, кешегі әзірбайжан елінің ұшағы апатқа ұшырағанда да адами құндылықтары мен бауырмалшылықтарын көрсетті. Бұл бағытта Маңғыстау өңірі бойынша Есенов университетінің жанынан «Қоғамға қызмет» орталығы ашылып, негізгі мақсаты – «Қоғамға қызмет» пәні арқылы Маңғыстау облысының нақты әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша студенттердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру бойынша жұмыс жасап келеді.
Қоғамға қызмет ету жастарға адамдардың өміріне нақты өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді, бұл өз кезегінде оларды бір-біріне деген қамқорлық пен қолдау көрсетуге ынталандырады, адамның өз қоғамына деген жауапкершілігін сезінуге, бейімделуге, азаматтық борышты орындауға шақырады. Президент айтуынша, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
Ұлттық құрылтай маңызды қоғамдық және әлеуметтік жобаларды қолдайтын еріктілер бастамаларын дамытудың катализаторы бола алады. Сондай-ақ, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың ынтымақтастығы волонтерлікті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, өзара көмекті нығайтуға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға ықпал ететін болады. Нәтижесінде азаматтарды волонтерлік қызметке белсенді тарту ұлттың одан әрі ілгерілеуіне, бірлігі мен әл-ауқатына берік негіз жасайды.