2024 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Финляндияның Елшісі Янне Хейсканен және Мартти Ахтисаари Бейбітшілік қорының («CMI») өкілдерінен тұратын фин делегациясымен кездесу өтті. Мартти Ахтисаари Бейбітшілік қоры – қызметі диалог және медиация арқылы жанжалдардың алдын алуға және шешуге бағытталған коммерциялық емес тәуелсіз фин ұйымы.
Қор атынан Еуразия бағдарламасының менеджері Эдвард Маркес пен Ауғанстан бойынша жоба менеджері Отто Туртонен қатысты.
Қонақтарды қарсы алған ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сакуов Қазақстан мен Финляндияның сарапшылар қауымдастығы арасында диалог орнату қажеттігі туралы өз пікірін білдірді.
Елші Янне Хайсканен өз сөзінде елдеріміз арасындағы барлық деңгейдегі әріптестіктің дамуын жоғары бағалады. Өз кезегінде Мартти Ахтисаари Бейбітшілік қорының өкілдері ҚСЗИ сарапшыларын өз ұйымының негізгі қызметімен және оның тарихымен таныстырды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Финляндия арасындағы сарапшылық диалогты дамытуға екі жақтың да мүдделілігін білдірді.
Анықтама үшін:
Мартти Ахтисаари Бейбітшілік қорын 2000 жылы Финляндияның бұрынғы президенті (1994-2000) және Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2008) М.Ахтисаари құрған. М.Ахтисаари 2018 жылға дейін Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.