ҚСЗИ-да институт директоры Еркін Тұқымов пен Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Ронаның кездесуі өтті.
Сұхбат барысында Еркін Тұқымов Мажарстан Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Еркін Тұқымов институт жұмысының ағымдағы қызметі, зерттеудің негізгі бағыттары туралы айтып, Қазақстанның саяси және экономикалық реформаларды одан әрі жүргізуге бағытталғанына ерекше көңіл аударды. «Қазақстан Мажарстанмен байланысты, оның ішінде ҚР-ның Еуропалық Одақпен кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді іске асыру бойынша жұмысты кеңейтеді,» – деп атап өтті Тұқымов.
Отто Иван Рона өз сөзінде Мажарстан мен Қазақстан тығыз достық қарым-қатынаста екеніне назар аударды. «Мажарстан Қазақстанның теңдестірілген, салмақты, көпвекторлы саясатын қолдайды. Мемлекеттеріміз арасында тарихи жылы мәдени байланыс, экономикалық ынтымақтастық, ең алдымен өз ұлттық мүдделерін қорғауда байланыстар мен өзара түсіністік қалыптасты», – деді ол.
Еркін Тұқымов пен Отто Иван Рона екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық сипаттағы мәселелер бойынша пікір алмасты. ҚСЗИ директорының айтуынша, халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдар алдағы уақытта екі елдің БҰҰ, ЕҚЫҰ және ТМҰ-дағы халықаралық форматтағы өзара әрекеттестігін нығайтады.
Мажарстанның энергетикаға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға үлкен қызығушылығы бар. Отто Иван Рона: «2012 жылдан бастап Шығысқа бағытталған Мажарстан саясаты Орталық Азия елдері және Қазақстанмен қарқынды дамып келе жатқан қатынастарға алып келді. Бұл энергиямен және жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп, Мажарстан экономикасының үздіксіз жұмысы мен қызмет етуіне мүмкіндік береді», – деп баса назар аударды.
Диалог соңында директор мен Елші қос ел ғалымдары, түркологтары, экономистері және сарапшыларының қатысуымен ағымдағы жылға арналған өзара жұмыс жоспарларын белгіледі.