Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында Цинхуа университетінің Халықаралық қауіпсіздік және стратегия орталығының төрағасы, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Халықаралық стратегия ұлттық институтының бас сарапшысы Фу Инмен кездесу өткізді.
Фу Ин – Қытайдың Филиппиндегі, Австралиядағы және Ұлыбританиядағы елшісі және Қытай Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметтерімен танымал қытайлық саясаткер және дипломат.
Кездесу барысында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, оның ішінде саяси, экономикалық және мәдени аспектілер талқыланды. Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік пен заманауи сын-қатерлерге қарсы тұрудағы бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Екі тарап стратегиялық серіктестікті нығайтудың және ортақ мақсаттар мен мүдделерге қол жеткізу үшін ашық диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.