Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қыркүйек күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы шеңберінде Орталық Азия мемлекеттері және АҚШ басшыларының «С5+1» форматындағы саммитіне қатысты.
Бұл – АҚШ Президенті мен Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының осындай форматтағы алғашқы кездесуі. 2015 жылдан бері алдыңғы «С5+1» кездесулері тек министрлік деңгейде өтті.
Саммитке қатысушылар өзара тиімді әріптестікті, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм және трансшекаралық қылмыспен күрес мәселелеріндегі өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ америкалық компанияларды маңызды пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа салаларға тарту мәселелеріне назар аударылды.
«С5+1» форматы шеңберінде дипломатиялық платформамен қатар қолайлы іскерлік ахуалды және өзара сауда мен инвестициялар үшін ең жақсы жағдайларды қалыптастыруға бағытталған бизнес-платформаны дамыту мәселелері талқыланды.
Инвестицияларды тартуда ең алдымен Шығыс пен Батыстың өзара әрекеттестігін едәуір нығайта алатын және аса маңызды нарықтар арасындағы сауда қарқынын арттыра алатын Транскаспий сауда жолын дамыту қажет.
Жалпы «Орталық Азия бестігі плюс АҚШ» форматындағы кездесулер қазірдің өзінде таныс және қалыптасқан ынтымақтастық формасына айналды. Көпжоспарлы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау экономика, энергетика, қоршаған орта және қауіпсіздік жөніндегі тақырыптық жұмыс топтары шеңберінде жүргізіледі.
Қазақстан үшін Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы диалогты кеңейту – өңірлік деңгейде осы елдермен қатынаста өзінің ұлттық мүдделерін іске асыру мүмкіндігі.
Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың алдында тұрған заманауи сын-қатерлер мен міндеттердің өзектілігін ескере отырып, мұндай ынтымақтастық трегі бір-бірін дамытудың мүдделері мен басымдықтарын жақсырақ түсінуге ықпал етеді, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың нысандары мен тетіктерін қарастырып, әзірлеуге мүмкіндік береді.
Геосаяси турбуленттілік жағдайында «С5+1» Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын іске асырудағы маңызды құралдардың бірі ретінде өз рөлін сақтайды.
Әлішер Тәстенов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы