Skip to content
Басты бет » Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыру қажет»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыру қажет»

Әсел Әбен,
ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау
бөлімінің бас сарапшысы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың тұрақтылығын арттыру және шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін өңдеу секторын дамытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Өңдеу секторының өсуі – экономиканың құрылымын әртараптандырып, шикізат бағасының құбылмалылығына байланысты тәуекелдерді төмендететін маңызды фактор. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталуы тиіс.

Бүгінде cоңғы жылдары қол жеткізілген оң нәтижелерді көре аламыз – өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн екі есеге өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал ЖІӨ құрылымында өңдеуші саланың үлесі 12,4 пайызды құрады. Өткен жылдың өзінде 163 жаңа өндіріс орны іске қосылып, соның арқасында 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Осы жылғы (2025 жылдың қаңтар–шілде айлары) деректерге сәйкес, бұл саладағы өнім көлемі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға артқан. Бұл көрсеткіш өңірлік және еуропалық трендтерден әлдеқайда жоғары, демек еліміздің индустриялық дамуы қарқынды жүріп жатқыр деген сөз.  Ең үлкен өсу тамақ өнімдерін өндіру (+9,2%), мұнай өңдеу (+8,6%) және машина жасау (+14%) салаларында байқалды. Тамақ өнеркәсібінің өсуі ішкі нарық үшін азық-түлік қауіпсіздігін арттыруды білдірсе, машина жасаудың кеңеюі өндірістің күрделі құрылымына біртіндеп көшу үдерісін көрсетеді. Бұл көрсеткіштер шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, орнықты өндірістік базаның қалыптасып жатқанын айғақтайды.

Саланың қарқынды дамуы сыртқы саудада да көрініс беріп отыр. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 12,8 млрд АҚШ долларына жетіп, бұл елдің жалпы экспортының үштен бірін құрады. Экспорт құрылымында машина жасау, химия өнімдері және дайын металл бұйымдарының үлесі айтарлықтай артты. Осылайша, Қазақстан біртіндеп шикізат қана емес, күрделі өнім жеткізушісі ретінде де өз орнын бекітіп, жаңа нарықтарға шығу, серіктестер тарту және жаһандық өндірістік тізбектерде позициясын нығайту мүмкіндіктерін ашуда.

Бірақ сонымен бірге, Мемлекет басшысы атап өткендей, ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті терең өңдеу өнімдерін шығару басымдық болып табылады. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жүйесіз жүргізілуде. Әдетте, қолдау шаралары тәсілдері мен шарттары бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі институттар арқылы жүзеге асырылады, бұл кәсіпкерлер үшін түсінбеушілік тудырады. Тәсілдерді оңтайландыру және келісілген жұмысты қамтамасыз ету қажет.

Президент басшысы сондай-ақ инвестициялар мен инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау және сирек қазба байлықтар мен маңызды материалдарды игеру және өңдеу сияқты серпінді жобаларды жүзеге асыру сектордың дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті: «…Жаһандық трендтерді ескере отырып, сирек қазба металдары мен басқа да маңызды материалдар ерекше маңызға ие. Бұл салада Қазақстанда өндіріс пен жаһандық сауда тізбегіне берік интеграциялану үшін барлық мүмкіндіктер бар».

Ұзақ мерзімді перспективада өңдеу секторына инвестиция көлемінің өсуі инновацияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және білікті кадрларға сұраныс болатын жаңа кластерлердің қалыптасуына серпін береді. Бұл өз кезегінде саланың өсуімен қатар сапалы жұмыс орындарын құруға және адами капиталды дамытуға мүмкіндік туғызады.

2025 жылдың жеті айында негізгі капиталға 1,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, жалпы инвестиция көлемінің 11,6%-ын құрады. Оның елеулі бөлігі металлургия, машина жасау және химия салаларына бағытталған.

Бұл салалар ел экономикасының индустриялық өзегін құрайды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін инвестициялық белсенділікті одан әрі күшейту қажет. Ұзақ мерзімді перспективада өңдеу секторына инвестициялардың өсуі инновацияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және білікті кадрлар сұранысқа ие болатын жаңа кластерлерді қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде сапалы жұмыс орындарын құруға және адами капиталды дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар салада шешімін күткен мәселелер де бар: ағаш бұйымдарын өндіру, фармацевтикадағы өсімнің бәсеңдеуі, жиһаз өндірісіндегі тоқырау және т.б. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің құрылымы әлі де тым шоғырланған – өндірістің 40%-дан астамы металлургияға тиесілі, бұл саланың әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасына тәуелділігін арттырады. Осы мәселелерді шешу ішкі ассортиментті кеңейтуге, импортты алмастыруға және өңірлік экономиканың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім қарқынын көрсетіп, экономиканың тұрақтылығына берік негіз қалыптастыруда. Экспорт, инвестициялар және технологиялық жаңару оң даму траекториясын құрайды. Дегенмен, ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жоғары қосылған құны бар салаларды жедел дамыту, проблемалық сегменттерді қолдау және шикізаттық шоғырлануды азайту қажет. Бұл тек қазіргі жетістіктерді бекітіп қана қоймай, Қазақстанды өңдеу өнеркәсібі тұрақты экономикалық өсудің негізгі көзі саналатын индустриялық дамыған елдер деңгейіне жақындатады.