Skip to content
Басты бет » Өнеркәсіптік прогресс пен әлеуметтік бастамалар: өңірлердің тұрақты дамуына апарар жол

Өнеркәсіптік прогресс пен әлеуметтік бастамалар: өңірлердің тұрақты дамуына апарар жол

Азамат Жансейітов, ҚР Президенті жанындағы
 ҚСЗИ-дің Қарағанды облысындағы өкілі,
Өңірлермен жұмыс істеу бөлімінің бас сарапшысы

Президенттің Жолдауында өңірлердің теңдей дамуы, индустрияландыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысы «Өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін беретін уақыт келді. Біз бәсекеге қабілетті терең өңдеу өнімдерін шығаруға баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыруға тиіспіз» деп атап өтті.

Мұны бірқатар нақты мысалдар дәлелдейді, соның ішінде Қарағанды облысында Саран қаласы өңдеу өнеркәсібіндегі айтулы оқиғаға айналды. Мұнда индустриялық даму әлеуметтік инфрақұрылымды қайта құрудың негізіне айналуда, ал жаңа өндірістік кәсіпорындар экономикалық өсуді ғана емес, әлеуметтік жаңғыртуды да қамтамасыз етеді.

2020 жылға дейін Саран қаласы экономикалық базасы шектеулі, инфрақұрылымы тозған, халық көшуі көп және институционалдық әлсіз  моноқала болған. Алайда бос өндірістік алаңдардың болуы, көлік қолжетімділігі мен саяси ерік-жігер ауқымды жаңғыртудың бастамасына айналды.

2021 жылы «Saran» индустриялық аймағының іске қосылуы ең маңызды кезең болды. Қысқа мерзім ішінде жобаға салынған инвестиция көлемі 410 миллиард теңгеден асып, аумағы 207 гектарды қамтыды, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Автобус (QazTehno), тұрмыстық техника, шиналар, жылу оқшаулағыш материалдар мен электр құрылғыларын өндіретін ірі кәсіпорындар жұмысын бастады. Нәтижесінде 2023 жылы Саран ресми түрде моноқала мәртебесінен айрылып, индустриялық-логистикалық торап ретінде танылды.

Сонымен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым белсенді түрде жаңартылуда. Қаланың жолдарын, жылу желілерін және сумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға қаражат бөлінген. Жаңа кәсіпорындармен бірлесіп кадр даярлау бойынша пилоттық бағдарламалар енгізілуде. Жастарға арналған орта мен ІТ кеңістіктер ашылып, спорт алаңдары құрылып, тұрғындардың қалалық өмірді қалыптастыруға үлесі артуда.

Қаланың өндірістік құрылымы мен инфрақұрылымындағы өзгерістер әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер етті.  Миграциялық динамикада оң нәтиже байқалуда. Мысалға, жас мамандардың кетуі азайып, білікті кадрлардың елге оралуы басталды. Сонымен қатар жергілікті тұтыну нарығы жанданып, шағын бизнестің өсуі мен халықтың төлем қабілеттілігінің артқаны да сезілуде.

2025 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша Саран қаласында шағын және орта бизнестің тұрақты әрі оң динамикасы байқалады. Қазірде жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 2,8 мыңнан асты. Әсіресе өндірілген өнім, атқарылған жұмыс және көрсетілген қызмет көлемі айтарлықтай өскен: 2024 жылы бұл көрсеткіш 81 192 млн теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Шағын және орта бизнестің санының ғана емес, сапасының да өскенін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, дәстүрлі сауда-қызмет форматынан өндірістік және логистикалық функцияларға көшуі. Жергілікті бизнес те қалыс қалмай өндірістік тізбектерге белсенді түрде тартылып, өңірлік экономикаға үлес қосуда.

Саран торапының индустрияландырудың арқасында Қарағанды облысының жалпы өңірлік өнімі, 2023 жылы 6,3%-ға өсіп, 2024 жылы 7,8-бен оң нәтиже көрсетуде. Бұл өсім тек өнеркәсіптік өндіріске тиесілі емес, оның ішіне қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларының дамуы да кіреді.

Осылайша, Саран индустриялық аймағының табысты мысалы экономиканы жаңғырту және өңірлерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижелер беретінін дәлелдейді. Бұл Президенттің елдің тұрақты дамуы өнеркәсіптік прогресс, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтардың шешім қабылдауға белсенді қатысуы үйлесім тапқан кезде мүмкін болмақ деген тезисін растайды.