Skip to content
Басты бет » Өңірлердегі дамыған инфрақұрылым – қуатты мемлекеттің іргетасы

Өңірлердегі дамыған инфрақұрылым – қуатты мемлекеттің іргетасы

Нұрдәулет 3атилла,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы

Өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту – еліміздің басты міндеттерінің бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін нығайтып, жұмыс орындарын құруға және сол арқылы азаматтардың әл-ауқатының өсуіне ықпал ететініне назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Инфрақұрылымды жаңғырту және көлік-транзит секторындағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет» деп баса айтты.

Осы бағытта мемлекет даму нүктелерін жүйелі түрде анықтап, әділеттілік пен теңдік қағидаттарына негізделген жаңа тәсілді қалыптастыруда. Әрбір өңір ұлттық дамудың толыққанды қатысушысы боп қарастырылады. Бұл тәсіл «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес келу керек, онда базалық қызметтер мен инфрақұрылымға қолжетімділік адамның қай жерде тұратынына тәуелді болмауы тиіс. Инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту жергілікті қауымдастықтардың сапалы дамуына оң әсер етуі мүмкін.

2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың бекітілуі өңірлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды кезең болмақ. Бұл жоспар көлік, энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру салаларындағы 200-ден астам жобаны қамтиды. Бұл жобаларды қосылуы  халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіріп, экономикалық өсуге ықпал етеді және ілеспе салалар үшін мультипликативтік әсер тудырады деп күтілуде.

Инфрақұрылымды дамыту тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейтінін атап өткен жөн. Бұл – саяси тұрақтылықты, тең мүмкіндіктерді және қоғамдық сенімді нығайту стратегиясы. Жаңа инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мемлекеттік саясатта адамның маңыздылығын көрсетіп, қоғамның бірігуіне ықпал етеді.

Ішкі саяси тұрғыдан алғанда, инфрақұрылымдық жобалар реформаларды жүзеге асыруда жүйелі рөл атқарады. Ал заманауи көлік дәліздерінің, энергетикалық және цифрлық желілердің болмауы білім беру, денсаулық сақтау сияқты халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басқа да салалардың дамуын қиындатуы мүмкін.

Көлік-логистика саласында нақты нәтижелер көрсетіп жатқан бастамалар бар екенін атап өткен жөн.

Ең алдымен, қазірде қолданыстағы автожолдарды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу жалғасуда. Мысалы, «Орталық – Оңтүстік» автокөлік дәлізі бойынша Астанадан Алматыға дейінгі жол жүру уақыты 15 сағаттан 10 сағатқа қысқарды. Сондай-ақ, елорданы батыс өңірлерімен тікелей байланыстыратын «Орталық – Батыс» автомагистраль құрылысы басталды. Бұл жобалар елдің көлік байланысын дамытып, өңірдегі қауымдастықтарға  жаңа даму нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, бүгінде авиациялық инфрақұрылым қарқынды дамуда. Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Терминалдардың өткізу қабілеті бірнеше есе артып отыр. Алматыда жылына 2,5 млн-нан 14 млн-ға дейін жетсе, Шымкентте 800 мыңнан 6 млн-ға, ал Қызылордада 300 мыңнан 2 млн-ға дейін артқан.

Сонымен қатар Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салу басталды. Арқалықтағы әуежай қалпына келтірілуде. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірлік туризмнің даму нүктесіне айналып, жергілікті қауымдастықтардың тұрақтылығын арттыра алады.

Жалпы алғанда, дамыған инфрақұрылым, цифрлық шешімдер мен ЖИ қолдану өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтып, жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына жағдай жасайды. Қазақстан біртіндеп мықты әрі әділетті мемлекеттің берік іргетасы болатын дамыған инфрақұрылымы бар үлгі қалыптастыруда.