Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) соңғы 25 жылдағы алғашқы тарихи саммитіне қатысты. Осы уақыт ішінде СПЕКА өңірлік ынтымақтастықты нығайту және еліміздің дамуы үшін экономикалық пайда алу тұрғысынан нәтижелі платформа ретінде әрекет етті.
Біріншіден, Қазақстан мен қатысушы елдер арасындағы сауданың оң серпінін атап өткен жөн. Былтыр тауар айналымының көлемі шамамен 10 млрд АҚШ долларын құрады. Қыркүйек айындағы Жолдауда Президент айтқан жаңа экономикалық модельді қалыптастыру контекстінде экспорт географиясын жоспарлы түрде кеңейту көзделіп отыр. Бұл тұрғыда СПЕКА қазақстандық тауарларды ілгерілетуге ықпал ететін маңызды нарық десе де болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне шикізаттық емес өнімнің экспортын 2,3 млрд АҚШ долларына ұлғайтуға дайындығын білдірді.
Екіншіден, Қазақстан үшін цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері басты назарда. Қазақстанда соңғы 3 жылда IT-қызметтердің экспорты 5 есе өсті және 2023 жылы 500 млн АҚШ долларына жетуі мүмкін. 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсаты қойылып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда СПЕКА саладағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың тиімді құралы бола алады және сол арқылы елдің ЖІӨ өсуіне өз үлесін қоса алады.
Осылайша, СПЕКА – көрші елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың жарқын үлгісі. Бұл ретте осындай алаңдардың әлеуетін пайдалану өзара инвестициялар және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер ашады.
Анна Альшанская
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы