Берік Қадыров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, Абай облысы бойынша өкілі
«Мықты аймақ – мықты мемлекеттің негізі», ал орнықты даму әр өңірдің әлеуеті мен басқару жүйесіне байланысты. Абай облысы – болашағы зор, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктері мол аймақтардың бірі. Өңірдің орнықты дамуы экономикалық өсіммен қатар, экологиялық тепе-теңдік пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтауды көздейді. Осы үш бағыт бойынша негізгі көрсеткіштерді талдасақ:
1) Экономика
1.1 Абай облысы бойынша жалпы өңірлік өнім соңғы 3 жылда тұрақты түрде артқан (млн.теңге)

1.2. 2028 жылға дейінгі облыстың инвестициялық жобалар пулына жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын 28 жоба енгізілген, бұл 7,7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
2) Экология, қоршаған орта
2.1. Абай облысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың шығындыларын төмендету жұмыстары жалғасуда, нәтижесінде 2021 ж – 40,9 -дан 2023 ж 38,5 мың тоннаға азайған.

ҚР ҰСБ мәліметі (мың тонна)
2.2. Өңірде 2024 жылдың сәуір мен қазан айлары аралығында 266 қоқыс жиналу орны анықталып , бүгінгі күнге дейін 133 заңсыз орны жойылған.
3) Әлеуметтік бағытта
3.1 2023-2025 жж. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 5 700 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы жоспарланған.
3.2 «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін облыста 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған.
Дегенмен, өңірде өндіруші саладан өңдеуші салаға өту күрделі жағдайда тұр. Жаһандық сын-қатерлерге дайындық әлсіз, ал инфрақұрылымның тозуы экономика мен тұрмыс сапасына кері әсер етуде (энергожүйе – 84,4-95%, жылу жүйесі – 64,2%, су құбырлары – 50%-дан астам тозған). Қоршаған ортаның ластануы аймақтың денсаулық жағдайына да ықпал етеді. Зерттеулер бойынша, жалпы аурулардың 20%-ы және онкологиялық аурулардың 50%-ы экологиялық факторлармен байланысты. 2022-2023 жылдары өңірде қатерлі ісік диагнозы алғаш рет қойылған науқастар саны 7,3%-ға өсіп, 1530-дан 1652 адамға жетті.
Облыста ластаушы заттардың шығарындысы азайғанымен, Семей қаласындағы ауа сапасы әлі де күрделі. Әсіресе, жылыту маусымында қазандықтар мен өндіріс орындарынан шығатын түтін тұрғындардың басты шағымына айналған.
Экономикалық дамуды тек дәстүрлі көрсеткіштермен бағалау тұрақты даму моделіне көшуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан макроэкономикалық өсімнен гөрі экологиялық және әлеуметтік аспектілерді қамтитын индикаторлардың маңыздылығы артуы қажет. Бұл өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына және қоғам әл-ауқатын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Осы ретте, Абай облысының экономикалық қызмет түрлері бойынша жалпы өңірлік өнімнің (жалпы қосылған құн) құрылымын талдасақ:

ҚР ҰСБ мәліметі
Диаграмма мәліметтеріне сәйкес, жалпы өңірлік өнімнің негізгі үлесін өнеркәсіп (40,2%) және кен өндіру (28,1%) құрайды. Ал орнықты дамудың маңызды көрсеткіші – экологиялық қызметтер үлесі небәрі 0,26%. Бұл өңір экономикасының ресурстық модельге негізделгенін және фронтальді дамудың басым екенін көрсетеді.
Болашақта әлемдік қауымдастықтың даму сценарийлері техногендік экономикалық өсімге шектеу қоюы мүмкін. Осы тұрғыда ауыл, орман және балық шаруашылығының маңызы артады, бірақ олардың өңірлік өнімдегі үлесі әзірге 7,7% ғана. Өңірде өнім өткізуге қолайлы ірі нарықтар мен сапалы азық-түлік тапшылығы байқалады. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай азық-түлікке сұраныс 50%-ға, ал бағалар 30-50%-ға өсуі мүмкін. Бұл жағдай белгілі бір қауіптер тудырғанымен, өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен мүмкіндік ұсынады. Басты міндет – осы әлеуетті тиімді пайдалану және аграрлық секторды сапалы дамыту.
Абай облысының орнықты дамуы үшін мемлекет пен жергілікті билік, бизнес және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы маңызды. Яғни, орнықты дамуға қол жеткізу үшін өәңірімізде келесідей бағыттарды жетілдіруге назар аудару қажет:
— білім беруді барлық деңгейлерде экологияландыру, үнемді тұтынуға тәрбиелеу, шешімдер қабылдауда барлық тараптар пікірлерін ескеру;
— экологиялы экономиканы құраушы прогрессивті жаңа экономикалық модельдерді аймақта жеделдетіп іс жүзінде енгізу; қалдықтарға қоқыс ретінде емес, ресурс, тауар ретінде көзқарасты қалыптастырып, қайта өңдеу, циркулярлы өндірісті дамыту;
— аймақта ауанының, судың, жердің ластану деңгейін көрсетіп тұратын ақылды технологияларға негізделген құрылғыларды орнату;
— экологиялық таза технологияларға негізделген қоғамдық транспорт жүйесін енгізу (электробус, трамвай және тб), велосипед инфрақұрылымын жасақтау, оны тұрғындар арасында кеңінен насихаттау.