6 қарашада Вашингтон қаласында Орталық Азия елдері басшылары мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың қатысуымен саммит өтеді.
Бұл форматтағы кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 2023 жылдың 19 қыркүйегінде мемлекет басшылары деңгейінде өткен алғашқы «С5+1» саммитінде өзара тиімді әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетикалық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен трансұлттық қылмысқа қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған болатын.
Ал Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесулер 2015 жылдан бастап жыл сайын дерлік өткізіліп келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның бастамасымен 2022 жылы қол жеткізілген уағдаластықтарды институционалды тұрғыда қолдау және үйлестіріп жүзеге асыру мақсатында Виртуалды хатшылық іске қосылды. 2023 жылғы 26 маусымда Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саясат ведомстволары өкілдерінің қатысуымен «С5+1» Хатшылығының алғашқы отырысы өткен болатын.
Бір айта кетерлігі, АҚШ «С5+1» форматындағы өзара іс-қимылға айрықша мән береді және оны өңір мемлекеттерімен ынтымақтастықтың тиімді құралы ретінде қарастырады. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында бұл алаң аясында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, энергетикалық және азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету, көлік байланысын дамыту және Орталық Азия елдерінің жаһандық нарықтарға қол жеткізуін кеңейту жөніндегі бастамаларды ілгерілету бағытында жұмысты жандандыру ниеті көрсетілген.
Трамп әкімшілігі де «С5+1» форматындағы өзара әрекеттестікті өңірлік ынтымақтастықтың маңызды тетігі ретінде қарастырады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау арасындағы соңғы келіссөздердің қорытындысы бойынша, америкалық тарап қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ технологиялық сектор мен стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар саласында бірлескен коммерциялық жобаларды дамытуға дайын екенін растады.
Жалпы, АҚШ-тың өңірлік бастамаларға қатысуы Қазақстан үшін инвестициялар мен озық технологияларды тартуға, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарындағы америкалық саяси капиталды тиімді пайдалануға мүмкіндік ашады.
Вашингтонда өтетін алдағы саммит «С5+1» форматындағы диалогты дамытудың маңызды кезеңі болмақ және оған стратегиялық мазмұн беруге жол ашады деп күтілуде. Кездесу күн тәртібіне экономикалық серіктестікті тереңдету, энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ цифрлық және көлік байланысын дамыту мәселелері енгізілмек.
Саммит аясында «жасыл» энергетика, стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, сондай-ақ Орталық Азия инфрақұрылымы мен инновациялық салаларына америкалық инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылады.
Қазақстан үшін бұл саммитке қатысу – АҚШ-пен стратегиялық диалогты нығайтуға, елдің орнықты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі негізгі серіктес ретіндегі рөлін көрсетуге, сондай-ақ энергетикалық трансформация, цифрлық экономика және транзиттік әлеуетті арттыру салаларындағы ұлттық бастамаларды ілгерілетуге зор мүмкіндік.
Осылайша, Вашингтондағы кездесу институционалдық диалогтың жалғасы ғана емес, ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Әлішер Тастенов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы


