Skip to content
Басты бет » «Орталық Азия + Корея Республикасы» форумы талдау орталықтары арқылы жан-жақты дамуға ықпал етеді

«Орталық Азия + Корея Республикасы» форумы талдау орталықтары арқылы жан-жақты дамуға ықпал етеді

2024 жылғы 30 шілдеде Ташкент қаласындағы (Өзбекстан) Орталық Азия халықаралық институтының базасында Орталық Азия мен Корея Республикасының талдау орталықтарының бірінші форумы өтті. Оған ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ өкілдері – директордың орынбасарлары Алуа Жолдыбалина, Әсем Нұржанова, сондай-ақ Азиялық зерттеу бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев қатысты.

Орталық Азия дербес халықаралық субъектіге айналып, «ОА +» көпжақты өзара іс-қимылды табысты іске асыра отырып, барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуда. 2007 жылы осындай форматты құруға бастамашы болған алғашқы елдердің бірі Корея Республикасы болды. Бүгінгі таңда тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтасуда. Сараптамалық-аналитикалық қоғамдастық арасындағы байланыстарды жолға қою және нығайту да маңызды бағытқа айналуда.

Алуа Жолдыбалина  «Жаңа геосаяси динамика үшін Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы өзара тиімді әріптестік 2.0: болашаққа көзқарас және негізгі басымдықтар» сессиясында сөз сөйлеп, «5+1» форматында жемісті ынтымақтастық мүмкін болатын салаларға назар аударды: креативті индустрия; қалаларды дамыту, қала құрылысы; киберспорт; қор биржасы.

Мәселен, Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, оның шеңберінде Мәдениет туралы заңға және кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығы» корпоративтік қоры құрылды. Өзбекстанда «Өзбекстан Республикасындағы креативті экономика туралы» заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бүгінгі таңда креативті индустрия саласынан 9 563 кәсіпорын тіркелген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларды есептемегенде 84 068 қызметкер тартылған. Қырғызстанда 2022 жылы осы мәселе бойынша Президент жанынан арнайы Кеңес құрылып, сол жылдың тамыз айында арнайы салық салу және жеңілдіктер режимін қамтитын «Креативті индустриялар паркі туралы» заң қабылданды. Оңтүстік Кореяға келетін болсақ, мемлекет шығармашылық индустрияның пайдасы мен әсерін түсіну кезеңінен өтті. Ел Жаһандық инновациялық индекстің (Global Innovation Index) үздік 10-ғына кіреді, тек соңғы онжылдықта (2013-2022 жж.) 18-ші орыннан 6-шы орынға көтерілді. Корейлік контентті халықаралық деңгейге шығара отырып, корейлік креативті индустрия тауарларының жыл сайынғы экспорты шамамен $6 млрд құрайды.

Киберспорт саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Біздің елде екі-үш миллионға жуық адам бейне ойындарға қызығушылық танытады, стримдерді көреді. Қазақстандық киберспортшылардың CS:GO, PUBG-де көптеген халықаралық жетістіктері бар. Алматыда WESG форматында үлкен турнир өтіп, оған Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысты. Қырғызстан бүкіл Еуропа ойыншыларының көшбасшыларының рейтингінде – топ-1000-ның ішінде 20-дан астамы. Өзбекстанда PUBG Mobile ойынымен айына 1 500 000-нан астам адам ойнайды. Ойын секторын сату бойынша әлемдік нарықтағы Оңтүстік Кореяның үлесі 7,6%-ды құрап, АҚШ-тан (22%), Қытайдан (20,4%) және Жапониядан (10,3%) кейін төртінші орында.

Әсем Нұржанова «Жаһандық құн тізбегін қайта құру және экономикалық қауіпсіздік: энергетика және маңызды пайдалы қазбалар саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық» сессиясына қатысты. Ол Корея Республикасы Қазақстанның ең ірі инвестициялық және сауда серіктестерінің бестігіне кіретінін атап өтті. Кореядан еліміздің экономикасына тікелей инвестициялар ағыны 10 млрд долларға жетті, ал өзара тауар айналымы – 6 млрд. Ел нарығында 700-ден астам оңтүстік кореялық компаниялар, олардың ішінде Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan сияқты жаһандық корпорациялар бар.

Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдың 2024 жылғы маусымда Қазақстанға сапары қарсаңында Корея үкіметі жариялаған K-Silk Road атты Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бастамасы болашақта ерекше маңызға ие болады. Ол ОА елдеріне Кореямен ынтымақтастықтың жаңа моделін құруға және біздің аймағымыз бен корей елінің өсу әлеуеті арасында ғылыми-технологиялық және инновациялық салалар бойынша синергияға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Айдар Құрмашев «Технологиялық гегемония дәуіріндегі стратегиялық өзара іс-қимыл: АКТ және жасанды интеллект саласындағы білімге біріккен тәсілдер» алаңында сөйлеген сөзінде өңір сарапшыларының сауалнамасы нәтижесінде анықталған Орталық Азия кооперациясының басым бағыттарымен бөлісті. Нәтижесінде көлік дәліздері желісін кеңейту; су-энергетикалық әлеуетті дамыту жөніндегі елдердің күш-жігерін үндестіру; өңірлік ауыл шаруашылығы кластерін қалыптастыру; Орталық Азияның туристік әлеуетін дамыту және адами капиталды бірлесіп дамыту бағыттар басым болып шықты. Осыған сүйене отырып, назар аудару қажет ететін Орталық Азияның даму мүмкіндіктерін атап өту маңызды. Мысалы, Каспий экономикасын дамыту үшін теңіз индустриясы саласында кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік жоғары оқу орындарының кооперациясы. Бұл орайда Оңтүстік Кореяның тәжірибесі қызықты.

Айдар Құрмашев таяу болашақта Орталық Азияның дамуы аймақ елдерінің ортақ мақсаттарға жету үшін сын-қатерлерді еңсеру және ынтымақтасу қабілетіне байланысты болатынын және өзінің әлеуетін орнықты және гүлденген болашақ үшін пайдалана алатындай дұрыс стратегиялар мен іс-шараларды әзірлеу маңызды екенін атап өтті.

Қорытындылай келе, бұл форум мемлекет басшыларының деңгейіне шығатынын атап өту қажет. Алда екі маңызды іс-шара – ағымдағы жылдың қараша айында Сеул қаласында өтетін «Орталық Азия + Корея Республикасы» Сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 17-ші кездесуі және 2025 жылға жоспарланған «Орталық Азия + Корея Республикасы» форматындағы бірінші Саммит күтілуде.