Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 7-ші отырысы 16 қараша күні Ташкент қаласында өтеді. Осы жылдар ішінде бұл формат өзін қауіпсіздік, тұрақты даму және экономикалық интеграция мәселелері бойынша өңірлік өзара байланыстың негізгі тетіктерінің бірі ретінде танытты. Бұл су және энергия ресурстарынан бастап экстремизм мен климаттың өзгеруіне қарсы күреске дейінгі трансшекаралық мәселелерді шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге ықпал етті.
Алдағы отырыста көлік байланысы, азық-түлік қауіпсіздігі және экономиканы цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылады деп күтілуде.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі барысында бесжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдің халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған «Орталық Азия-2040» өңірлік ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданды. Өңірлік кооперация дамудың барлық салаларындағы ішкі өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуі аясында ауыл шаруашылығы, көлік, сауда, инвестициялар және мәдениет министрлерінің кездесулері, сондай-ақ Орталық Азия мен Әзербайжан елдерінің «Great Silk Road Business Cooperation Forum» іскерлік форумы өтеді.
Өзінің нәтижелі қызметі барысында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі өңірлік ортақ ұстанымды қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимыл жаңа сапалық деңгейге көтерілгенин айта кеткен жөн. Бұған мемлекет басшыларының кездесулері мен өзара сауда көлемінің арту қарқыны айқын дәлел.
Осылайша, 2024 жылы Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл ретте Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы саудада қосылған құны жоғары өнімдердің үлесі артып келеді.
Еуразиялық даму банкі деректеріне сәйкес, 2024 жылы өңірдің халық саны 82 миллионға жетті. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Халық саны жыл сайын 2%-бен өсуді жалғастыруда. 2024 жылы Орталық Азия елдерінің жалпы ЖІӨ-сі 519 миллиард АҚШ долларын құрады. Соңғы 20 жыл ішінде орташа алғанда ол нақты көрсеткішпен жыл сайын 6,2%-ға өскен, бұл әлем бойынша және дамушы елдермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. 2000 жылдан бері сыртқы сауда айналымы шамамен 9 есе өскен.
Сонымен қатар «С5+1» форматындағы сыртқы ынтымақтастық айтарлықтай өсті. Тек 2025 жылдың өзінде ОА-ЕО, ОА-Қытай, ОА-Ресей, ОА-АҚШ саммиттері өтті. Дипломатиялық күн тәртібінің мұндай қанықтығы қарым-қатынастың жаңа архитектурасының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл, негізінен, сыртқы ойыншылардың ықпал ету үшін бәсекелесуіне емес, Орталық Азия елдерінің теңгерімді және көпвекторлы серіктестік жүйесін қалыптастыруға деген мақсатты ұмтылысын басты негіз ретінде қарастырады.
Алишер Тастенов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы


