Skip to content
Басты бет » «Орталық Азия – Ресей» екінші саммиті: энергетика және экология

«Орталық Азия – Ресей» екінші саммиті: энергетика және экология

Алишер Тастенов,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы


«Орталық Азия – Ресей» бірінші саммиті 2022 жылы Астанада өтіп, көпжақты форматтағы сындарлы және серпінді ынтымақтастықтың негізін қалады. Екінші саммиттің басты бағыттары экономикалық және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелерінен бөлек, энергетикалық және экологиялық өзара іс-қимылға арналды.

Бүгінде Ресей Орталық Азиядағы атом энергетикасы саласындағы позициясын белсенді түрде нығайтып келеді. Соңғы жылдары «Росатом» компаниясы Қазақстанмен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен бірқатар келісімдерге қол қойып, энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын қалыптастыруда.

Атом саласы – технологиялық және ұйымдастырушылық тұрғыдан ең күрделі бағыттардың бірі. Ол тек озық ғылыми шешімдерді ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті кадрларды даярлауды да талап етеді. Қазақстан үшін бұл сала ерекше маңызға ие. Ел уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы орында және жаһандық нарықтағы негізгі жеткізушілердің бірі болып табылады. «Қазатомөнеркәсіп» 2024 жылы 23,3 мың тонна уран өндіру көлемімен жерасты ұңғымалық шаймалау әдісі бойынша әлемдік көшбасшы орнын сақтап отыр.

Қазіргі таңда басымдық уран өндірумен қатар, толық ядролық-отын циклін дамыту мен терең қайта өңдеуді қамтамасыз етуге берілуде. Бұл қадам қосылған құн мен технологиялық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ядролық-отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс саласында өңірлік құзыреттер кеңесін құруды ұсынды. Сондай-ақ ол заманауи ғылыми-зерттеу базасын және білікті мамандар даярлау жүйесін нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осы мақсатта Алматы қаласында Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ-дің филиалы ашылды.

Саммиттің тағы бір маңызды тақырыбы – экологиялық қауіпсіздік болды. Бұл мәселе өңірдегі мемлекетаралық өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігіне айналған.

Ортақ тәсілдер мен шешімдерді үйлестіру үшін Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері мен Ресейдің экологиялық мәселелер жөніндегі министрлер кеңесін құру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама трансшекаралық өзендердің жағдайына да, Каспий теңізінің экожүйесіне де қатысты.

Климаттың өзгеруі мен су ресурстарының тапшылығы жағдайында бұл тақырыптар ерекше өзектілікке ие болып отыр. Қазақстан су экожүйелерін ұтымды пайдалану мен қорғау, экологиялық қатерлерге мониторинг пен жедел әрекет ету бойынша ортақ жүйе қалыптастыру бағытында бірлескен шараларды қолдап келеді. Каспий теңізі мәселесінде сөз тек биоресурстарды сақтау туралы ғана емес, сонымен бірге көмірсутектер өндіру, мұнай тасымалдау және жағалау инфрақұрылымын дамыту кезінде туындайтын техногендік қауіптердің алдын алу туралы болып отыр.

Саммиттің басты қорытындысы – энергетика, көлік, экология, ғылым және гуманитарлық ынтымақтастықты қамтитын екі жылдық бірлескен іс-қимылдардың «жол картасы» бекітілді. Ортақ іс-қимыл жоспары 50-ден астам іс-шараны қамтиды.