Skip to content
Басты бет » Орталық Азияның АҚШ-пен «C5+1» форматындағы ынтымақтастығының онжылдығы

Орталық Азияның АҚШ-пен «C5+1» форматындағы ынтымақтастығының онжылдығы

АҚШ-тағы жаңа президенттік сайлауынан соң маңызды сұрақ туындайды: аймақтың саяси және экономикалық динамикасы аясында Орталық Азияның АҚШ-пен өзара әрекеттестігі қалай өзгереді? Бұл тұрғыда өзін Орталық Азия мен АҚШ арасындағы диалог пен кооперацияны тереңдетудің негізгі платформасы ретінде танытқан «C5+1» форматындағы ынтымақтастықтың он жылдық тәжірибесіне ерекше назар аударған жөн.

2015 жылы құрылғаннан бері «C5+1» форматы Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері арасындағы диалог пен ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі құралы ретінде нығайды. Аймақтық дипломатиялық платформа экономика, энергетика, экология және қауіпсіздік сияқты негізгі мәселелерге бағытталған министрлік деңгейдегі тұрақты кездесулерді, сараптамалық кеңестер мен жұмыс топтарының отырыстарын ұсынады. Бұл күш-жігер өңірлік интеграцияны нығайтуға, өңір елдерінің тұрақтылығын арттыруға және өзара мүдделерді ілгерілетуге ықпал етті.

Жыл сайын Орталық Азия мен АҚШ арасындағы өзара әрекеттестік белсенді бола бастады. 2019 жылы Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшыларының президент Дональд Трамппен келіссөздері екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге негіз болды. 2023 жылы президент Джо Байден алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында өткен «C5+1» саммитіне қатысты, бұл АҚШ пен аймақ елдері арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Бастапқыда «C5+1» форматы қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде терроризмге қарсы күреске бағытталған. Алайда, 2024 жылдан бастап платформаның басымдықтары экономикалық ынтымақтастық, сауда және инвестицияларға айтарлықтай өзгерді. Бұл өзгеріс Орталық Азияның жаһандық жеткізу тізбегіндегі өсіп келе жатқан рөлін және оның маңызды ресурстарды қамтамасыз ету үшін сенімді серіктес ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.

2024 жылдың ақпанында өткен маңызды минералдар бойынша алғашқы «C5+1» диалогы елеулі оқиға болды. Осы кездесу барысында Орталық Азияның таза энергетикаға жаһандық көшудегі рөліне баса назар аударылды. Қазақстан пайдалы қазбалардың қомақты қорына ие бола отырып, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және жаһандық жеткізу тізбегін нығайтуда АҚШ-тың негізгі серіктесі.

Тағы бір маңызды оқиға – Алматыда 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен «B5+1» Бірінші Халықаралық форумы. Форум Орталық Азия мен АҚШ-тан 200-ден астам маман жинады, бұл аймақтағы сауда, транзиттік және инвестициялық тетіктерді жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Форумға қатысушылар Орталық Азияны тек транзиттік аймақ емес, тартымды экономикалық бағыт ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Көлік және логистика, агробизнес, электрондық коммерция, туризм және «жасыл» энергетика сияқты негізгі секторлардағы заңнамаларды үйлестіруге басты назар аударылды.

Он жыл ішінде «C5+1» форматы өзін аймақтық өзара әрекеттесудің тиімді құралы ретінде көрсетті. 2025 жылы формат сауда-экономикалық байланыстарды, өңірлік тұрақтылықты және Орталық Азия мен АҚШ арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылды нығайту үшін жол ашуды жалғастырады.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы