Қазақстан қоғамындағы оптимизм феномені
Айгүл Забирова,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
әлеуметтану ғылымдарының докторы,
профессор
Қазақстан көбіне «өтпелі кезеңіндегі» мемлекет ретінде сипатталады: әлеуметтік-экономикалық тұрғыда – кедей де емес, бай да емес; мәдени тұрғыда – батыс та емес, шығыс та емес. Бұл қоғамда түрлі мәдени және әлеуметтік кодтардың тоғысуы байқалады: жастар поп-музыка тыңдай отырып, үлкендердің айтқанына құлақ асады; ағылшын тілінде сөйлеп, дәстүрлі діни құндылықтарды да ұстанады. Эмпирикалық зерттеулер көрсеткендей, мұндай қоғамда жеке деңгейде оптимизм, ал қоғамдық деңгейде скепсис басым. Осы «АРАЛЫҚ КЕЗЕҢ», яғни шекаралық болмыс, күрделі қоғамдық бағдарлар мен құндылықтық ұстанымдардың қалыптасуына негіз болады. Солардың бірі – әлеуметтік желілерде жиі айтылатын сыни пікірлерге қарамастан, ел болашағына деген қоғамдық оптимизмнің сақталуы.
Оптимизм әрдайым қазіргі жағдайға көңілі толуды білдірмейді, керісінше, ол адамның даму мүмкіндігіне сенетінін немесе тұйықталып қалғанын аңғартады. Бұл неге маңызды? Өйткені болашақта жақсы өзгерістер болады деп сенетін адам еңбек етуге де, білім алуға да ынталы болады, әрі «мен нені жақсарта аламын?» деген көзқараспен әрекет етеді. Екіншіден, сенім адамдардың мінез-құлқын айқындайды: егер қоғамның басым бөлігі ештеңе өзгермейді деп ойласа, шын мәнінде, өмір сол қалыпта қалады. Үшіншіден, оптимизм – елдің стратегиялық ресурсы. Оны бюджетке де, заңнамаға да енгізу мүмкін емес, бірақ онсыз қоғамды жаңарту мүмкін емес!
Сондықтан да ҚСЗИ белгілі бір аралықпен халықтан алдағы бес жылға қатысты көзқарасын сұрап отырады. Біз үшін елдің болашағына деген халық бағасын білу маңызды. Басқаша айтқанда, бұл сұрақ біздің зерттеуімізде жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бізді қоғамның қандай күй кешіп жүргені қызықтырады. Өйткені болашаққа баға беру – жай ғана пікір жинау емес, бұл – адамның болашақ жайлы ойын түсіну. Біз мемлекет туралы емес, ел туралы сұраймыз. Бұл – халықтың санасындағы жер мен отан ұғымы. Демек, бұл сұраққа жауап бергенде адамдар тек ағымдағы саясатпен шектелмей, кеңірек ойлайды. Ал енді ҚСЗИ жүргізген сауалнамалардың бірінің нәтижесіне назар аударайық[i]:
- халықтың шамамен үштен екісі (60,8%) елдің алдағы 5 жылдағы даму перспективаларын оң бағалайды;
- қалған үштен бірі (31,4%) — бейтарап;
- ал респонденттердің 7,8%-ы елдің даму перспективаларын теріс бағалайды.
Алдымен респондент жауабының қандай құрамдас бөліктерден тұратынына тоқталайық: оның жауабы қалай қалыптасады? Әдетте, адам тез және интуитивті түрде жауап береді, бұл жауапта оның жеке нормалары, эмоциялық күйі мен әлеуметтік ортадағы қалыптасқан түсініктер тоғысады. Респондент өз тәжірибесіне және күнделікті бақылауына сүйенеді: біреу өз ауданында жаңа мектептің салынғанын, баласының жұмысқа орналасқанын немесе зейнетақысының өскенін байқайды. Мұның бәрін өткен жылдармен, көршілерімен, тіпті көрші елдердегі жағдаймен салыстырады. Өмір өз ағысымен жүріп жатыр: жұмыс бар, балалар оқып жүр, айтарлықтай өзгеріс жоқ – бұның өзі (әсіресе біздің өңірде) аз емес. Мұнда «Менің жағдайым жақсарып жатса, яғни елдің де жақсарып жатқаны» деген оймен байланысты. Бұл – адамның эмоционалдық фонын, тұрақтылық не тұрақсыздық сезімін қалыптастырады. Мұнда жалпы экономикаға немесе саясатқа баға беру емес, қоршаған ортаның адам үшін қауіпсіз әрі түсінікті болуы маңызды. Мысалы, бағаның, азық-түліктің, валюта бағамының тұрақтылығы. Егер олай сезінбесе, онда жауап та оптимистік бола бермейді.
Жеке оптимизм мен жария скепсис туралы тезисті негіздеу үшін бірнеше сөз айта кету жөн. Егер әлеуметтік желілер – эмоциялар кеңістігі болса, ал әлеуметтік сауалнамалар – рационалдандыру мен нормалар кеңістігі. Желілерде ұстамдылық жоғары бағаланбайды, өйткені басты құндылық – реакция, ал реакцияны, көбінесе, аргументтер емес, сезімдер тудырады: ашу, наразылық немесе шабыт. Блогердің жазбалары қаншалықты эмоцияға толы болса, соғұрлым оның аудиториясы кеңейеді, себебі бастысы – назар, бұл – өзіндік валюта тәрізді. Сол себепті, лентада елеусіз қалмау үшін блогер даусын күшейтіп, барынша әсерлі сөйлеуге мәжбүр болады. Әрине, блогерлердің эмоцияға толы сөзі саяздықты білдірмейді. Бұл — цифрлық ортаның өз заңына бағынған, өзіне тән тілі. Біздің мақсат — әлеуметтік желілер мен әлеуметтік сауалнамалар — екі түрлі тіл ғана емес, екі бөлек әлем екенін көрсету. Әлеуметтік желілер репрезентативтілік елесін тудырады, бірақ шын мәнінде олар көбіне жастар мен сыни көзқарастағы қала тұрғындарын көрсетеді. Нәтижесінде дәл осы топтар қоғамда жаппай негатив бар деген әсер қалыптастырады. Ал репрезентативті сауалнамаларда үндемейтін, жай ғана өмір сүріп, бақылап, ішінен қорытынды жасайтындар да қамтылады. Жасы үлкендер, ауыл тұрғындары және саясатқа бейтарап қала тұрғындары тұрақтылықты қалайды, бейберекеттікті ұнатпайды, ашық сынға жиі бара бермейді, дегенмен, өздерінің берік өмірлік ұстанымдары бар.
Сонымен, алдағы 5 жылда ел дамуының перспективаларына қатысты оң немесе байсалды (бейтарап) көзқарастың басым болуын түсіндіруге корреляциялық талдау мүмкіндік береді:
- Жынысы бойынша. Ерлер мен әйелдер елдің болашағын шамамен бірдей көреді, бірақ ер адамдар сәл позитивті көзқарасқа ие(Pearson’R -0,070).
- Тұрғылықты жері бойынша. Адамның қалада немесе ауылда тұратыны – оның болашаққа көзқарасына айтарлықтай әсер етпейді. Шамалы ғана айырмашылық байқалады. Дегенмен, қаладан қашықтаған сайын, елдің болашағына қатысты көзқарас сәл пессимистік бола түсетіні байқалады (Pearson’R -0,076).
- Жасы бойынша. Әлсіз оң корреляция байқалды (Pearson’R +0,083). Иә, байланыс өте әлсіз, бірақ жынысы пен тұрғылықты жерге (қала немесе ауыл) қарағанда сәл анығырақ байқалады. Орта есеппен алғанда, жасы үлкен адамдар жастармен салыстырғанда Қазақстанның болашағына біршама оптимистік көзқараста. Бұл олардың өзгерістерге төзімдірек болуымен немесе өмірлік циклмен байланысты болуы мүмкін — 60 жастан асқан адам үшін мансап, ипотека сияқты факторлар өзекті болмайды, сондықтан олар болашаққа сабырлырақ қарайды. Ал жастар, керісінше, арман мен жоспардың шындықпен сәйкес келуіне көбірек мән береді, үміті де, сезімталдығы да жоғары. Дегенмен, жалпы алғанда, жастар да, аға буын да елдің болашағына шамамен бірдей сеніммен қарайды.
- Отбасы жағдайы елдің болашағын бағалауға айтарлықтай әсер етпейді, өйткені болашаққа қатысты баға — бұл, ең алдымен, азаматтық ұстаным, ол жеке өмір шеңберінен тыс (Pearson’R +0,027). Корреляция өте әлсіз, жалпы алғанда тіркелген некеден бастап жесірлікке дейін оптимизм сәл ғана артады, бұл өзі түсініксіз жағдай, сірә статистикалық «шу» болуы мүмкін.
- Білім деңгейі ел болашағын бағалауға іс жүзінде әсер етпейді — Қазақстанның дамуына қатысты алдағы бес жылға деген көзқарас түрлі білім деңгейіндегі азаматтарда бірдей. Бұл қоғамдағы жалпы сенім немесе бейілділік фонын көрсетеді: қазақстандықтар болашаққа көзқарасында білім деңгейінен гөрі жеке тәжірибеге немесе қалыптасқан әлеуметтік нормаларға сүйенеді. Бұл, сонымен қатар, үміттің формалды дайындыққа тәуелсіз қалыптасатынын да білдіруі мүмкін. Pearson R -0,008 — нөлге тең корреляция, ал теріс мән білім деңгейі артқан сайын оптимизм деңгейінің аздап төмендейтінін көрсетеді.
Осылайша, ел болашағына қатысты көзқарас жынысына, тұрғылықты жеріне, жасына, отбасы жағдайына немесе білім деңгейіне айтарлықтай байланысты емес екенін байқадық. Бұл нені білдіреді? Ел азаматтарының басым бөлігіне үміт, сақтықпен қараған оптимизм және сенім тән. Адам күнделікті өмірде алаңдаушылық немесе реніш сезінуі мүмкін, бірақ елдің болашағына қатысты сұраққа жауап бергенде, ол көбіне рационалды үмітке, сенгісі келетін ішкі ниетке және тұрақтылыққа деген үйреншікті ұстанымға сүйенеді. Мұның бәрі сенімнің жоғары деңгейдегі ұқсастығын ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік-мәдени тұтастықты, құндылықтық бірігуді де білдіреді. Қоғамдық оптимизм — қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігінің баяу болса да қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.
Мұның бәрі біздің қоғамды қалай сипаттайды?
- Өтпелі, бірақ тұрақтылықты көздейтін қоғам. Иә, қоғамда өзгерістер көп, әрі жиі болып жатыр, дегенмен елдің болашағына қатысты бағалауларда белгілі бір тұрақты консенсус байқалады. Бұл – әлеуметтік құрылымның белгілі бір жетілгендігі мен ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН көрсетеді;
- Нормативті түрде біртекті қоғам, яғни елге тиесілілік пен оның болашағы туралы ортақ көзқарас жеке айырмашылықтардан басым;
- Өз үміттеріне адал қоғам, біз оң өзгерістерді күтеміз, тіпті оларды әркез байқамасақ та;
- Жартылай патерналистік сипаттағы қоғам – мұнда «әкені жат алдында сөгу» әдетке жат.
Осылайша, мұнда ұсынылған нәтижелер мен талдау қазақстандық қоғамның бытыраңқы емес, керісінше, болашаққа деген негізгі күтулер тұрғысынан жеткілікті түрде үйлесімді екенін көрсетеді. Ал өтпелі кезеңдегі қоғам үшін бұл – маңызды ресурс.
Алдағы 5 жылда елдің даму перспективаларын қалай бағалайсыз?

[i] Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылдың 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында жүргізілді. Іріктеу көлемі – 8 001 респондент. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.