Skip to content
Басты бет » Өткен жыл еліміздің саяси құрылымындағы түбегейлі өзгерістермен есте қалды

Өткен жыл еліміздің саяси құрылымындағы түбегейлі өзгерістермен есте қалды

Біріншіден, суперпрезиденттік саяси жүйеден ықпалды парламенті және есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға ауысты. Осы тұрғыда бір реттік жеті жылдық президенттік мерзім азаматтардың жаңа сенім мандатымен үйлесуі одан әрі демократияландыру бағытын нақтылайды. Екіншіден, аралас пропорционалды-мажоритарлық үлгіні енгізу және партияларды тіркеу процесін жеңілдету арқылы Қазақстанның сайлау жүйесі реформаланды. Үшіншіден, Конституциялық Сотты құру және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына кепілдіктер беру арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтілді. Төртіншіден, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының құрылуы арқылы еліміздің әкімшілік-территориялық құрылымында ішінара өзгеріс орын алды. Бесіншіден, «Ұлттық құрылтай» жаңа жалпыұлттық диалог алаңын құру арқылы азаматтық қоғам реформаларды дайындау және дамыту үдерісіне тартылды.
2023 жылы бірқатар сайлаулар өткізу арқылы еліміздің саяси жүйесін толығымен қайта жүктеу жүреді. Саяси жүйені қайта құрылымдауды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына сайлау қайта бастайды. Келесі кезең Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы болмақ. Бір айта кетерлігі, орталық деңгейде 98 депутаттан тұратын Мәжілістің депутаттық корпусын сайлау күтілуде. Жергілікті деңгейде 20 облыстық және 200-ден астам аудандық мәслихаттардың депутаттары жаңартылады. Қорытындылау кезеңінде жаңа үкімет жасақталады. Осылайша келесі жылы барлық негізгі саяси институттар (Парламент, мәслихаттар, Үкімет) қайта жаңартылады.
 
Слямжар Ахметжаров
 ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әдістемелік зертхана меңгерушісі