Сайлауды жаңа форматта өткізуге себепші болған Парламент реформаларымен қатар, еліміздің партиялық жүйесін реформалауға да қадамдар жасалды. Бұл реформалардың тандемі Мәжілістегі өкілдікті күшейтіп, партиялар арасындағы бәсекелестікке ықпал етеді.
Партиялар үшін басты жаңалық – тіркеуді жеңілдету, яғни енді олар 20 000 жақтаушы емес, тек 5 000 қолтаңба жинау керек. «Байтақ» және «Республика» деген жаңа партиялар осы және басқа да талаптарды орындай алды. Сондай-ақ бұған дейін сайлауға бойкот жариялап келген ЖСДП осымен екінші сайлау науқанына (2022 жылғы президенттік сайлаудан кейін) белсенді түрде қатысып жатыр. Осыған қарағанда партиялар арасында бәсекелестік күшейіп келе жатқанын аңғаруға болады.
Алайда тек бәсекелестік емес, сонымен қатар партиялардың Мәжіліске кіру мүмкіндігі де артып келеді. Енді сайлауда кемінде үш депутаттық мандатқа кепілдік беретін 7 пайыздың орнына сайлаушылардың 5 пайызының қолдауын алу жеткілікті. Халық үшін маңызды мәселелерді көтеріп, тиісті күн тәртібін ұсынған партиялардың қажетті дауыс жинауға мүмкіндігі бар.
Бұл өзгерістер биылғы Мәжілістегі сайлау додасына оң әсер етіп отыр. Дегенмен өзгерістер алдағы уақытта да партиялық саланың ұзақ мерзімді дамуына ықпал етуі тиіс. Партиялық тізімдерді ұсыну мерзімі аяқталғанына қарамастан, жаңа партияларды тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде болашақ партиялар келесі сайлауға қатысу үшін тәжірибе жинай алады. Мұның бәрі партиялық реформалардың дұрыс жолда екенін аңғартады.
Қуаныш Сайлау,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
аға сарапшысы