Марат Жұмағұлов,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,
заң ғылымдарының докторы, профессор, құқық қорғау органдарының ардагері
Полиция – қоғамның айнасы. Қаншалықты пафосты естілгенімен, патрульдік-бекеттік қызметтің жағдайына қарап, мемлекеттің азаматтардың қауіпсіздігіне қаншалықты мән беретінін және билік пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің ахуалын байқауға болады.
2025 жылғы 23 маусымдағы кеңейтілген құқық қорғау органдарының алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияға деген сенім мәселесі – бұл жай ғана салалық мәселе емес, бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін айқын жеткізді. «Заң мен тәртіп» қағидатын барынша ілгерілету қажет», – деді ол күштік құрылымдар мен қоғам өкілдеріне үндеуінде.
Бүгінде халықпен тікелей байланыста кімдер жүргенін түсіну маңызды.
Қазақстандағы патрульдік-бекеттік қызметкердің әлеуметтік-психологиялық портреті дегеніміз – ең алдымен, жоғары күйзеліске төзімді, физикалық жағынан шыдамды және көбіне жалақыдан емес, әділдік идеясына негізделген ішкі мотивациясы бар адам. Алайда соңғы жылдары бірінші кезекке кәсіби қажу факторы шығып отыр: шамадан тыс жүктеме, кезекшіліктер, әлеуметтік лифттердің шектеулігі, кейде қоғам тарапынан сенімсіздік.
Көпшілігі оқу орнын бітіргеннен кейін бірден патрульдік қызметке келіп, «халыққа қызмет ету» туралы романтикалық түсінікпен жұмысқа кіріседі, алайда арада жыл өтпей жатып бюрократиямен, анонимді шағымдармен және тұрмыстық агрессиямен бетпе-бет келеді.
Патрульдік-бекеттік қызметтің кәсіби даярлық деңгейі біртіндеп жақсарып келеді, әсіресе цифрлық шешімдердің енгізілуіне байланысты. Дегенмен, диалог жүргізу, шиеленісті жағдайларды қақтығыссыз шешу дағдыларының тапшылығы әлі де сақталуда. Бұл тікелей қызметкерлерді даярлау барысында психологиялық тұрақтылық пен коммуникациялық мәдениетке жеткілікті мән берілмегенімен байланысты.
Неліктен бүгінгі күні полиция қызметкерлеріне психологиялық сенімсіздік образы жиі қалыптасады? Полицияға деген сенім мәселесі тек медиа қалыптастырған қоғамдық образда немесе резонансты істерде ғана емес. Бұл – терең психологиялық тосқауыл. Азамат өзінің заң алдындағы қорғалуына сенімсіз болса, ол полициядан қорқады. Президент атап өткендей: «Біз заңды құқық қорғау құралы ретінде қабылдайтын орта қалыптастыруымыз керек, жазалау тетігі емес». Ол үшін көшедегі қызметкерлердің жаңа мінез-құлық моделі қажет – қиын жағдайда да сыпайы, құрметті қарым-қатынас.
Бірақ бұл жерде басқа мәселе де бар – полиция формасына құрметтің болмауы, қоғамның бір бөлігінде құқықтық сананың әлсіздігі. Егер мұны өзгертпесек, ешбір реформа қоғам тарапынан елеусіз қалады.
Кеңес милициясының тәжірибесі де қызық: милиционер көп жағдайда «өз адамы» ретінде қабылданған, әдістері қатал болса да. Себебі – жергілікті қауымдастықпен тығыз байланыста болды. Учаскелік инспектор әр адамды аты-жөнімен білген, патрульдік қызметкер айыппұл салмай, алдымен ескерту жасаған. Скандинавия елдерінде «community policing» моделі жұмыс істейді –патрульдік қызметкер қоғамда бақылаушы емес, серіктес ретінде әрекет етеді. АҚШ пен Канадада патрульдер мектеп өміріне қатысады, тренингтер өткізеді, «сенім профилін» қалыптастырады. Ұлыбританияда полицей ай сайын қауымдастық өкілдерімен жеке кездесу өткізуге міндетті.
Президент Тоқаев: «Патрульдік-бекеттік қызметтің жұмысын қайта құру қажет. Азаматтармен қарым-қатынас кезінде патрульдер сыпайы, кәсіби болуы тиіс», – деп нақты атап өтті. Бұл – Батыс елдеріндегі «сервистік полиция» тәжірибесіне сай келеді. Яғни – жазалаушы емес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші күш.
Мәселені шешу алгоритмі:
1. Кадрлық жаңғыру.
Мамандықтың беделін арттыру, қызметтік өсуге ынталандыру, Президент атап өткендей, объективті цифрлық көрсеткіштерге негізделген марапаттау жүйесін енгізу қажет. «Кадр құрамының цифрлық бағалау жүйесі» енгізілді, бірақ оның ашықтығы керек.
2. Психологиялық тұрақтылық. Психологтардың тек қызметке үміткерлермен ғана емес, бүкіл жұмыс кезеңінде де тұрақты жұмыс жасауы қажет. Реабилитациялық бағдарламалар, кәсіби қажу, посттравмалық күйзеліс (ПТК) мәселелері ескерусіз қалмауы тиіс. Патрульдік қызметкерлер күнделікті зорлық-зомбылық, трагедия, қауіп пен өліммен бетпе-бет келеді. Бұл жағдай байқалмайтын, бірақ созылмалы күйзелістен туындайтын күйге әкеледі. Кімде-кім ашуланшақ, ал енді бірі керісінше енжар, ұйқысыздық, мазасыздық, жақындарынан алшақтау белгілерін сезінуі мүмкін. Егер жүйеде психологтармен тұрақты жұмыс қарастырылмаса, патрульдік қызметкер бұл проблемамен жалғыз қалады. Бұл оның сын сағаттағы әрекетіне, азаматтармен қарым-қатынасына да әсер етеді. Батыс елдерінде, әсіресе Нидерланды, АҚШ, Норвегияда ауыр кезекшілік немесе төтенше жағдайдан кейін міндетті психологиялық «түсіру» процедуралары бар. Қазақстанда мұндай жүйелі тәжірибе әлі енгізілмеген. Алайда «тірі», адами полицияны қалайтын болсақ, алдымен полицейдің өзінен бастауымыз керек. ПТК – сыртқа айтылмайтын, бірақ қызметті іштен жегідей жейтін мәселе.
3. Жаңа көше мәдениеті. Патрульдік қызметкер мен азамат арасындағы өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру – жай ғана оқыту тренингі емес. Бұл – тұтас идеология. Мектеп бағдарламасына «көшедегі тәртіп мәдениеті» пәнін енгізу қажет. Өйткені жасөспірім Заңға құрметпен өссе, полицияны да соның ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды.
4. Жергілікті бастамалар. Аймақтардағы табысты жобаларды да ескерген жөн. Мысалы, Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда учаскелік инспекторларға ақсақалдар, ауыл әкімдері және кәсіпкерлер қолдау көрсетеді. Осындай модельдерді кеңінен енгізу керек.
Қоғам азаматтық құқық қорғау органдарының жақсы бөлігіне сенеді. Президент: «Полиция билік пен қоғам арасындағы алтын көпір болуы тиіс», – деді. Сенімсіздік, құрметсіздік, ортақ құқықтық алаңсыз ешбір полиция реформасы нәтижелі болмайды. Егер бүгін патрульдік-бекеттік қызметкер «жазалаушы қылыш» ретінде қабылданса, ал «қорғаушы қалқан» емес болса – демек, бірдеңені дұрыс істемей жатырмыз. Бәлкім, бәрін қарапайым нәрседен бастау керек шығар? Кәдімгі жылы жымиыс, шын көңілден «сәлеметсіз бе» және сыпайы «құжаттарыңызды көрсетсеңіз» деген сөзден. Заң сойылдан емес, құрметтен басталады. Қазақстан құқық қорғау жүйесінің жаңа философиясының мәні – міне, осы.
Пайдаланылған дереккөздер:
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 23 маусымдағы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысындағы сөзі.
- Community policing models in Canada, UK, Norway (Oxford Centre for Policing Research, 2023).
- OECD Trust in Government Report, 2022.