2024 жылғы 7 қазанда ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-да Польшадан келген делегация – «Шығыс зерттеулер орталығы» («OSW») өкілдерімен кездесу өткізді.
Поляк делегациясының сапарының мақсаты – пікір алмасу, ынтымақтастықтың екіжақты және көпжақты мәселелерін талқылау.
Тараптар өңірлік сын-қатерлер мен олардың Орталық Азия елдері үшін салдарын, сондай-ақ Польша мен Қазақстан, ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов атап өткендей, Қазақстан бүгінде саяси және әлеуметтік саладағы үлкен демократиялық өзгерістер сатысында тұр, бұл атом электр станциясының құрылысы туралы өткен референдуммен расталады. Бұл ретте Қазақстанның ЕО елдерімен экономикалық және инвестициялық салада, адам құқықтарын қорғау және демократиялық институттарды дамыту саласындағы ынтымақтастыққа бейілділігі өзгеріссіз қалады.
Поляк делегациясының басшысы, «Шығыс зерттеулер орталығы» («OSW») институтының директоры Войцех Кононьчук Қазақстанда референдум өткізуді демократиялық үдемелі өзгерістердің айқын дәлелі ретінде құптады, сондай-ақ Польша үшін атом энергетикасы тақырыбының өзектілігін атап өтті.
Сондай-ақ, Е.Тұқымов Қазақстанның ЕО-мен технологиялық және өнеркәсіптік жаңғырту, жаңа өндірістік қуаттар мен жұмыс орындарын құру, білім беру және инновациялық экономика үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті. ЕО-дағы Польша менталитеттердің жақындығын, тарих пен мүдделердің ортақтығын ескере отырып, Қазақстан үшін «Еуропаға ашылған терезе» бола алар еді, деп атап өтті ҚСЗИ басшысы.