Skip to content
Басты бет » Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған реформалары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған реформалары

Елнар Берікбаев,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы

Құқық пен тәртіп орнамаған елде тиімді экономика, тұрақты саяси жүйе және өркендеген қоғам құру мүмкін емес. Құқық үстемдігі орнаған кезде қоғамда заңдылық пен тәртіп қалыптасады, бұл – мемлекеттің бүкіл құрылымының негізі. Құқық үстемдігі қамтамасыз етілген мемлекетте бизнес, инвестициялар мен әлеуметтік институттар дамуға мүмкіндік алатын қауіпсіз және болжамды орта қалыптасады.

Экономикалық даму қауіпсіздікпен тығыз байланысты. Тұрақсыздық, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық адами капиталдың жойылуына әкеліп, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді, шығындар мен тәуекелдерді арттырады.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Өмір сүру, еркіндік және жеке басының қол сұғылмаушылық құқығы – кез келген өркениетті қоғамның іргетасы. Қоғам өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғай алмаса, онда бірлік пен даму болмайды.

Осы мақсатта Мемлекет басшысы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды заңдарға қол қойды. Бұл заңнамалық бастамалар адамның негізгі құқықтарын қорғауды, қылмыстың алдын алуды, киберқауіптермен күресуді және зардап шеккендерге заң көмегін күшейтуді қамтиды.

  • Соңғы уақытта әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің жиілеуіне байланысты 2024 жылғы 15 сәуірде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заңның негізгі бағыттары:

  • Орташа және ауыр дене жарақатын әдейі келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту;
  • Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсететін байланыс орталықтарын және отбасын қолдау орталықтарын құру;
  • 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу, суицидке итермелеу мен оны насихаттауға тыйым салу;
  • Кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу.

Адам саудасына қарсы іс-қимыл (2024 жылғы 5 шілде)

«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң адам саудасының барлық түрлеріне – мәжбүрлі еңбекке, қайыр сұратуға, жыныстық қанауға және ағзаларды заңсыз алуға – қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздейді.

Заңда:

Кәмелетке толмағандарды жыныстық қызметке тартқаны, жезөкшелікті жарнамалағаны немесе притон ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Киберқылмыстармен күрес

Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі құрамында Киберқылмыстармен күрес департаменті құрылды.

Департаменттің міндеттері:

  • Киберқылмыстарды анықтау және тергеу;
  • Телефон және интернет алаяқтықтың жолын кесу;
  • Қорғаныс технологияларын әзірлеу және енгізу;
  • Киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Есірткіге қарсы күрес (2025 жылғы 2 қаңтар)

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң келесі өзгерістерді қамтиды:

Есірткі өндіру, өңдеу немесе лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған жағдайда – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы енгізілді.

Есірткі жасырушы «закладчиктерге» алғаш рет ауырлататын мән-жайсыз жасаған қылмыс үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы (бұрын 5–10 жыл) енгізілді. Бұл – олардың есірткіні тікелей өндірмегені және көбіне ұйымдастырушылардың ықпалында болғаны ескеріліп қабылданған шара.

Алайда бұл қылмысты қайталап жасаған жағдайда жаза 7 жылдан 12 жылға дейін күшейтіледі.

Кәмелетке толмағандарға, білім беру ұйымдарында немесе қылмыстық топ құрамында есірткі таратқандар үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.

Қорытынды

Ең маңыздысы – қоғамда сананың өзгеруі. Қоғам отбасылық зорлық-зомбылыққа, буллинг пен нашақорлыққа, жалпы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын қабылдай бастады. Бұл – еліміздің құқықтық мәдениетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін білдіреді.