Президенттік жастар кадрлық резерві (ПЖКР) жобасын іске асыру барысында үш іріктеу жүргізілді. Қазіргі уақытта ПЖКР қатарына түрлі саладағы 400 жас маман енген. Статистикалық деректерге сүйенсек, ПЖКР құрамындағы жас мамандардың 70%-ы орталық және атқарушы органдардағы жауапты лауазымдарға тағайындалған. Жоба жүзеге асып бастаған кезден бері жастардың маңызды қызметтердегі үлесінің артқандығын көрсетеді. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа тәсілдердің енгізілуіне, жаңаша көзқарастардың пайда болуына, иновациялық өзгерістердің орын алуына әсерін тигізуі қажет.
Қазіргі уақытта ПЖКР қатарында болып, өз жобаларын жүзеге асырып, нәтижелі еңбектерімен көзге түсіп жүргендер бар. Олардың ішінде ерекше Инвесторлардың таргеттелген алгоритмін жасаған Лейла Гимранованы, Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны реформалау мәселесін көтеріп жүрген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиевті, «2024 жылы саяхаттауға арналған 52 ел» рейтингінде Қазақстанды 25 орынға қойған, ең ірі халықаралық БАҚ – New York Times-тың айтулы туристік рейтингіне енуге қол жеткізген Шырын Мусинаны, елімізде смартбордтар желісінің пайда болуына үлесін тигізген Рауль Линдті, ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізіп жүрген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевті атап өтуге болады.
Резервтегі жас мамандардың 70%-ы жауапты лауазымдарға тағайындалғаны, басқа резервистердің квази мемлекеттік және кәсіпкерлік салада екенін ескеретін болсақ, елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге әсерін тигізетінін көрсетеді.
ПЖКР-ға іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, кандидат мемлекеттік тілді B1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі, сонымен бірге жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы шарт. Сонымен бірге, іріктеу кезеңдерінде үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті және құзыреттілік бойынша бағаланады. Осыған орай, кадр резервінің мүшелері меритократия қағидатын толық іске асыру үшін қатаң іріктеуден өтеді. Яғни, басшылық лауазымдарды олардың әлеуметтік тегі мен материалдық жағдайына қарамастан, барынша қабілетті адамдар иеленуі тиіс.
Дулат Өтеғали,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы