Ертең еліміз үшін ерекше күн – Республика күні! Бұл қазақстандықтарға еркіндік, егемендік және халық бірлігі сияқты ең маңызды құндылықтарды еске түсіретін басты мереке. 34 жыл бұрын 25 қазан күні біздің негізгі құндылықтарымыз бен елдің даму бағыттары жазылған Мемлекеттік егемендік туралы декларация жарияланды. Дәл осы кезден бастап біртіндеп республиканың егемендік алу үрдісі бастауын алып, тәуелсіздік алуға алғашқы қадам жасалды. Сол себепті 2022 жылдан бастап Президент Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мереке мәртебесінде жаңғырту – тарихи әділеттілік.
Еркіндік пен егемендік әрдайым даму мен күш-жігерді талап етеді. Осыған орай еліміздің саяси аренасында көптеген прогрессивті трансформациялар да орын алды. Саяси реформалардың нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта форматталды, Мәжіліс пен мәслихаттарға аралас сайлау жүйесі енгізілді, жергілікті деңгейде ауыл, қала және аудан әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қазақстандықтардың саяси өмірге қатысу деңгейінің артуына әсер етті. Алдағы уақытта қоғамның сұранысына сай демократиялық принциптерге негізделген осындай жоспарлы өзгерістер жалғаса береді.
Сонымен бірге, Республика күні – еліміздің бірлігі мен ынтымағының символы. Осы жылы елімізде болған су тасқыны кезінде мемлекеттік аппарат, бизнес, белсенділер, еріктілер және барлық өңірдің тұрғындары күш біріктірді. Мемлекет өз тарапынан барлық міндеттемелері мен уәделерін орындады. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін 2700-ге жуық үй салынды және 6 мыңға жуық үй сатып алынды, 9 мыңнан астам отбасы өтемақы алды. Бұл қазақстандықтардың сыртқы сын-тегеуріндер туындаған жағдайда әрдайым бірге жұмылып, сенімді жеңетінінін айқын көрінісі.
Дулат Өтеғали,
Қазақстан Республикасы Президенті
жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер
институты бас сарапшысы