20 маусым күні Семей қаласында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптама алаңының отырысы өтті. Іс-шара Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асырылуы, бұл үдерістерге қоғамның қатысуы және оларды бақылау мәселелеріне арналды.
Жергілікті педагогикалық және ғылыми-академиялық қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.
Пікірталас барысында Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асырылуына қатысты өзекті мәселелер, оның ішінде қоғамдық қатысу мен бақылау тетіктері, азаматтық қоғамның, қоғамдық кеңестер мен ғылыми қауымдастықтың мемлекеттік саясатты әзірлеу және мониторингтеу үдерістеріндегі рөлі талқыланды.
Алаң қатысушыларын онлайн форматта қарсы ала отырып, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов қоғамдық бақылау мен мониторингтің мемлекеттік саясаттың ашықтығы, есептілігі және тиімділігін арттырудың ажырамас құралдары екенін атап өтті.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қабылданған, жергілікті деңгейде қоғамдық бақылауды күшейтуді талап ететін шешімдерге тоқтала келе, ҚСЗИ директоры жобалардың жүзеге асырылуы мерзімі, бюджеті және нәтижелері туралы ашық ақпаратпен қамтамасыз етіліп, қоғамдық мониторинг тетіктерімен сүйемелденуі қажет екеніне назар аударды.
«Біз талқылауларды астанада емес, өңірлерде өткізу туралы ойластырылған шешім қабылдадық, өйткені ҚСЗИ өңірлік сараптамалық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ұлттық Құрылтайдың шешімдері нақты жүзеге асырылатын да, практикалық сын-қатерлерге тап болатын да – дәл осы жергілікті жерлер. Сондықтан біз екінші талқылауды тарихи-мәдени мұрасы бай, стратегиялық экономикалық әлеуеті жоғары әрі инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқан өңір – Абай облысында өткізуді жөн көрдік», – деді ҚСЗИ директоры.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина алаң қатысушыларын ашық диалогқа шақырып, өңірлік сарапшыларды ынтымақтастыққа үндеді.
«Өткен жылы институтта өңірлермен жұмыс істеуге бағытталған арнаулы бөлім құрылып, оның негізінде өңірлік өкілдер желісі қалыптастырылды. Бүгінде біздің өкілдер еліміздің 9 өңірінде жұмыс істеп жатыр», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.
Абай облысының даму перспективалары туралы айта келе, А.Жолдыбалина өңірлерді брендтеу, ішкі туризмді дамыту және аймақтық жоғары оқу орындарын ғылым мен өңірлік зерттеулердің орталығына айналдыру сынды өзекті бағыттарға назар аударды.
Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев бұл жетекші өңірлік жоғары оқу орнында іске асырылып жатқан, университетті ұлттық деңгейге шығаратын бастамалар туралы айтты.
«2022 жылы университет басшылығы стратегиялық шешім қабылдап, өз бюджеті есебінен өңірлік IT-кластерді дамытуға назар аударды. Бұл бастаманы Astana Hub пен Цифрландыру министрлігі қолдады. Бұл елімізде Қарағандыдағы Террикон алқабынан кейінгі екінші осындай тәжірибе болды. Alikhan Bokeikhan University жанындағы Абай IT-Hub 3D-модельдеу мен прототиптеу, мобильді қосымшалар мен ойындар жасау және басқа да бағыттарда жобалар әзірлеп, енгізуге арналған алаңға айналды», – деп өз тәжірибесімен бөлісті А. Койчубаев.
Нәтижесінде университет Қазақстанда жасанды интеллект саласы бойынша кадрлар даярлайтын «іргелі» жоғары оқу орындарының қатарына кірді.
Пікірталас барысында сарапшылар, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері өңірлердегі қоғамдық бақылау мен сараптамалық әлеуетті күшейтуге қатысты идеяларымен және бастамаларымен бөлісті.
Абай облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҮЕҰ қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев өз сөзінде өңір өкілдерін орталық мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамына енгізуді ұсынды.
Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Зейнулла Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің негізі ретінде аграрлық ғылымды дамыту қажеттігін атап өтті. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Асқат Дюсембаев Семейдің портты қала ретіндегі әлеуетіне және Ертіс өзеніндегі жолаушылар мен жүк тасымалын жандандыру мүмкіндігіне назар аударды.
«Туған қала» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Люй егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы цифрлық алаяқтықтың алдын алу шараларын қолға алу қажеттігін ұсынды.
Alikhan Bokeikhan University әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин өңірлік зерттеулерді кешенді түрде жүргізу үшін өңірлік сараптамалық орталықтар құру идеясын ортаға салды.
Өңірлік сарапшылар қауымдастығының өкілдері айтқан ұсыныстар мен бастамалар Ұлттық Құрылтай қызметінің мазмұнын кеңейтуге негіз болуда.




