Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары мен Шығыс Қазақстан облысының өкілдері «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптама алаңында жиналды. Кезекті сараптамалық отырыс «Шығыс Қазақстан облысының даму келешегі: негізгі трендтер мен сарапшылардың бағалауы» тақырыбында өтіп, өңірдің болашағын Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ұлттық стратегиялық міндеттер аясында талқылауға орайластырылды. Пікірталас қатысушылары еліміздің жаңа экономикалық саясатындағы туризм, индустриялық даму және қайта өңдеу сияқты секторлардағы өңірдің рөлін талқылады. Дәл осы бағыттар өңірдің ерекшелігі мен облыстың тұрақты дамуы мақсатында өсу және жетілдіру мүмкіндіктеріне айтарлықтай әсер етеді.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде елорда мен өңірлер арасындағы ашық диалогтың құндылығына тоқталып, өңірлік зерттеулер болашақты жоспарлауда шешуші рөл атқаратынын айтты. Ол Шығыс Қазақстан облысының дамуы кезінде ескеруге тұрарлық бірнеше негізгі аспектілерге назар аударды. Олардың бірі – урбанизацияның қарқынды өсуі. Урбанизацияның жоғары деңгейі қалалық аймақтарды инвестициялар мен даму үшін тартымды ете алады. Дегенмен халық санының өсуіне байланысты ықтимал тәуекелдерді болдырмау үшін аймақ тиімді басқаруды қажет етеді.
Сонымен қатар ҚСЗИ директоры халықтың едәуір бөлігінің материалдық жағдайының жақсарғанын атап өтті. Бұл сыртқы турбуленттілікке қарамастан, аймақтың экономикалық тұрақтылығын көрсетеді. Сондай-ақ кездесуде жан-жақты шешімдерді қажет ететін экология және бағаның өсуі сияқты мәселелер де атап өтілді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев: «Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік саясатты сапалы сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Шығыс Қазақстан облысында атқарушы билік тарапынан әлеуметтік зерттеулер жүргізу, өңірде сындарлы диалог орнату үшін шаралар қабылдануда. Бірақ бұл жұмысты одан әрі жетілдіруге мүмкіндіктер бар екенін түсінеміз. Сондықтан біз ҚСЗИ-мен ынтымақтастықты толықтай қолдаймыз. Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Талдау және болжау институтымен бірге ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ арасында ынтымақтастықты жолға қоюдың үлкен әлеуеті бар. Бүгінгі пікірталас алаңында ықтимал сын-қатерлерді анықтау және олардың алдын алуға бағытталған шешімдерді әзірлеу бойынша жұмыс бағыттарын анықтау өте маңызды».
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, Қазақстанның стратегиялық даму орталығының басшысы Алуа Жолдыбалина өңірлерді зерделеуде жоғары сапалы талдау материалдарын жасау үшін не себепті кабинеттік зерттеулерден тыс шығу қажет екенін түсіндірді. «Көбінесе өңірлерге барып, шынайы жағдайды өз көзімен көрген сарапшылар өңірлік ерекшеліктерді жақсы түсініп, егжей-тегжейін біледі. Сондықтан ҚСЗИ зерттеу топтарының бақылау жүргізіп, жергілікті тұрғындармен сұхбат жүргізу үшін өңірлерге белсенді шығып тұрады. Мұның бәрі орталық аймақтарға тапсырма берген кезде мемлекеттік басқару парадигмасын өзгертудің тұжырымдамалық негізін құру үшін жасалады. Біз өңірлердің «дауысын» күшейткіміз келеді. Ол үшін мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан тәжірибесін қайта қарау маңызды. Осы мақсатқа жету үшін тиімді шешімдерді бірлесіп қана шығара аламыз. Менің ойымша, «down-to-up» тәсілі тиімдірек болады», – деді Алуа Жолдыбалина.
С. Аманжолов ат. ШҚУ-ның Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домолатов Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі мен Шығыс Қазақстан техникалық университеті бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба туралы баяндады. «Жобаның негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын және білім беру саласын талдау. Осы жобаның идеясы – білім беру тақырыбын практикалық дағдылармен біріктіру. Зерттеу аясында энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру саласы, туризм сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс берушілерге сауалнама жүргізу жоспарлануда. Бағыттар әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі драйверлері қағидаты бойынша таңдалды. Яғни жоба аясында далалық зерттеулер жүргізу жоспары бар. Тереңдетілген сұхбат арқылы алынған ақпарат мамандықтардың аймақтық атласын құруға ықпал етеді», –деді ол.
Талдау және болжау институтының басшысы Аяужан Әшімова өңірлермен өзара әрекеттестік пен байланыс орнатудың маңызына тоқталып, Талдау және болжау институтының облыстың барлық аудандарында зерттеулер жүргізуде бай тәжірибесіне назар аударды. «Өз зерттеулерімізде азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлерін ескере отырып, белсенді түрде өзара әрекеттесеміз. Оған қоса әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингі арқылы халықтың көңіл-күйін, тұрғындарды мазалайтын мәселелер туралы жан-жақты қосымша ақпарат аламыз. Өңірдегі мәселелер бойынша көзқарастарымыз бен ұсыныстарымызбен бөлісу арқылы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бастамасын қолдауға дайынбыз. Өңірдің сарапшылар қоғамдастығы білікті әрі кәсіби жоғары деңгейде. Ең бастысы олар ынтымақтастыққа дайын», – деді Әшімова.
Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, ҚР ЕХӘҚМ Қоғамдық кеңесінің төрайымы Ольга Кузовлева мүгедектігі бар азаматтардың проблемалары аймақтық деңгеймен қатар республикалық деңгейде бар екенін атап өтті. «Біріншісі – мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігі. Қазіргі таңда бұл мәселе жартылай шешілген. Мысалы пандус болса да, ғимараттың ішінде мүгедек жүре алмайды. Екінші мәселе – көлік ортасының қолжетімділігі. Теміржол вагондарында мүгедектерге арналған орындар бар, бірақ олардың саны шектеулі. Үшіншісі – инватакси, олар да жеткіліксіз. Халықтың осы санатының мәселелерін шешу үшін Еңбек министрлігінің ғана емес, көлік, құрылыс және сәулет, білім беру және т.б. мәселелер бойынша құзырлы органдардың өзара сабақтас жұмысы қажет», – деді Кузовлева.
Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова экология мәселесін қозғады. «Экологиялық проблемаларды тиімді шешу үшін мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бизнестің және академиялық ортаның үйлесімді жұмысы қажет. Өңірімізде жұртшылықтың жергілікті атқарушы органдармен де, университеттермен де ынтымақтастығы өте жоғары деңгейде. Қоғамның әртүрлі топтарының сұранысын түсіну де маңызды. Осыған байланысты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыруға назар аударып, экологиялық проблемаларға тұрақты талдау және мониторинг жүргізу қажет. Ынтымақтастық пен диалогтың үлгісі ретінде бізде алғаш рет экологиялық мәселелер бойынша өңірлік және өңіраралық форум өтті. Ол мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, экологиялық ұйымдардың өкілдерін бірге жинады», – деді Елена Березинская-Абилова.
С. Аманжолов ат. Шығыс Қазақстан университетінің География және экология кафедрасының профессоры Анатолий Чурсин де жоғарыдағы тақырыпты жалғастырды. «Өңірімізде экология мәселелері басым. Маман ретінде біз өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатымен жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс істейміз. Экология саласындағы зерттеулерді дамытуға үлес қосып, ұсыныстар әзірлеуді жалғастырамыз. Бұл ұсыныстардың бірі – көмір жағу технологиясын өзгерту. Нәтижесінде жылу электр станциялары мен жеке тұрғын үй секторынан шығарындылар көлемі азаяды», – деп қорытындылады сөзін Чурсин.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ сарапшылары, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының өкілдері, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің академиялық құрамы, өңірдің сарапшылар қауымдастығы, мемлекеттік аппарат және жұртшылық қатысты.
Бүгін өткен «ҚСЗИ GPS» Ұлттық сараптама алаңы Шығыс Қазақстан облысының болашағы мен оның тұтастай алғанда Қазақстанның дамуындағы рөлін сындарлы талқылауға арналған жерге айналды. Сарапшылар мен университет өкілдері тұрақты және өркендеген болашаққа қол жеткізу үшін мемлекет, академиялық және жергілікті сарапшылар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтың маңызына аса назар аударды.