«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» атты Қазақстанның сыртқы саяси бастамасының дүниежүзілік қауымдастыққа ұсынылғанына жуырда 30 жыл толады екен. Осы орайда, халықаралық деңгейде аты шыққан «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің» қалай құрылғандығы жайлы әңгімені көтерудің, жалпы тәуелсіздіктің бастапқы кезіндегі Қазақстанның алғашқы сыртқы саяси қадамдарының сындарлы бір кезеңіне назар аударудың сәті түсіп отыр.
Ресми түрде «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» атты бастаманың тұсау кесері 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен жарияланған. Сондағы негізгі мәселе – Азия өңірінде ынтымақтастықты қалыптастыру шараларын айқындап, көпжақты бейбіт дипломатияға қол жеткізу еді.
Мұндай кеңесті шақыру қажеттілігі биполярлық жүйе ыдырағаннан кейін өмірге келген бірқатар жаңа мемлекеттер мен Орталық Азияның жаңа саяси келбетінің қалыптасуынан, демек, өңірлік қауіпсіздік архитектурасының өзгеруінен туындаған болатын. Сондықтан «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» бастамасының негізгі мақсаты – Азия өңірінде превентивті дипломатияны іске асыру арқылы жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге басымдық беру және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы көпжақты ынтымақтастыққа қол жеткізу.
Осы орайда, аталмыш кеңесті шақырудың өзі қаншалықты сындарлы саясат болғандығын, ұсыныстан нақты іске асыру барысы қаншалықты көп деңгейлі болғандығын атап өткен жөн. Мысалы, 1994-2002 жылдар аралығында арнайы жұмыс тобының, аға лауазымды тұлғалар комитетінің, Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесулердің бірқатар отырыстары өткізілген болатын. Осының нәтижесінде ғана «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесің» I Саммитін өткізу мүмкіндігі туады (2002 жылдың маусым айы).
Бүгінгі таңда «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» (бұдан ары – АӨСШК) өзінің параметрлері мен маңызы бойынша паназиаттық диалог алаңына айналып үлгерді десек қателеспейміз. Өңірдің 27 елі АӨСШК мүшесі болып табылса, Азиядан тыс мемлекеттер ішінде Беларусь, АҚШ, Украина және 5 халықаралық ұйым (БҰҰ, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы) байқаушылар ретінде тіркелген. Бұдан басқа, тағы 5 ұйым – Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы АӨСШК-нің әріптестері болып табылады. Онымен қатар, АӨСШК-не мүше елдер әлем халқының 60 пайызын құрайды, ал әлемдік Жалпы ішкі өнімнің 40 пайызына жуығы осы Азия өңірінде шоғырланған.
АӨСШК-не қатысушы мемлекеттердің өзара қарым-қатынас қағидаттары БҰҰ Жарғысымен және халықаралық құқықпен сәйкес келеді. Алматының АӨСШК актісімен егеменді теңдік және егеменді құқықтарды құрметтеу; жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу; экономикалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық; басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау; күш қолданбау немесе күшпен қорқытуды қолданбау; мемлекеттердің аумақтық тұтастығы; қарусыздану және қару-жарақты бақылау; адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу бекітілген.
Алматы актісіне сәйкес сенім шараларын жүзеге асыру АӨСШК мақсаттарына қол жеткізудің негізгі құралы ретінде танылған. Азия құрлығындағы өзара қарым-қатынастардың күрделілігіне байланысты Сенім шаралары каталогы мен онда көрсетілген шаралар ұсынымдық сипатқа ие және АӨСШК мүшелері оларды сәті келсе қолдануы мүмкін.
Бүгінде Сенім шаралары каталогы бойынша жұмыс қарқын жалғасуда. Ал, ағымдағы жылғы саммитте қабылданатын сенімді нығайту шараларының жаңартылған каталогы эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулықты сақтау және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризмге қарсы күрес сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттарын қамтитын болады.
Жалпы, АӨСШК қызметі қауіпсіздіктің бес «өлшемін» қамтиды. Олар: әскери-саяси өлшем; жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес өлшемі; экономикалық өлшем; экологиялық өлшем; адами өлшем. Демек, АӨСШК-ін іс жүзінде жұмыс істеп тұрған халықаралық саясат институты деуге толық негіз бар.
Сонымен бірге, өркениет дағдарысына ұласып кету қаупі бар қазіргі әлемдік проблемалардың өзектілігі халықаралық саясатта үнемі алаңдаушылық туғызуда. Осы орайда, әлемдік геосаяси тұрақсыздықты назарға алсақ, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен орнықты даму мәселелерін қамтитын және шешетін АӨСШК сияқты көпжақты кеңесті жаңғырту – бүгінгі күннің басты талабы болып табылады. Олай болса, Қазақстанның АӨСШК атты сыртқы саяси бастамасының халықаралық ұйым дәрежесіне дейін өзгертілуі – өзекті ұсыныс емес пе?
Өткен жылдың қазан айында АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қ. Тоқаев АӨСШК халықаралық ұйым болуға әбден лайық, ол үшін барлық қажетті шаралар жүзеге асырылды деген ой айтқан болатын. Яғни, ұйым ретінде АӨСШК негіз қалаушы құжаттарға, басшылық және атқарушы органдарына, жедел бюджетке және тұрақты жұмыс істейтін хатшылыққа ие екені атап өтілген еді. «Ұсынылып отырған өзгеріс Азияның жаһандық мәселелеріндегі жаңа рөлін анық көрсетеді. Бұл қадам, сондай-ақ мүше мемлекеттердің ірі континентте шын мәнінде ортақ, тұтас және жан-жақты қауіпсіздік архитектурасын құруға бейілділігін растайды», – деп Мемлекет басшысы ерекше атап кеткен болатын.
Қазіргі кезде АӨСШК жаңа ұйымға – «Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйымына» (АҚДҰ) өзгертілуі туралы мәселе ү.ж. 12-13 қазанында өтетін Кеңестің VI саммитінде орталық мәселелердің бірі болып қарастырылады деп күтілуде. Қазақстан тарапының бұл ұсынысын кеңеске қатысушылар тағы бір мәрте қолдаған жағдайда, жаңа ұйымның халықаралық саясаттағы алар орны ерекше болатыны сөзсіз.
Мұхит Асанбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері