Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің өңірлік және халықаралық аренадағы сыртқы саясатының бірқатар маңызды бағыттарына тоқталып өтті.
Олардың басым бөлігі сын-қатерлерге толы қазіргі халықаралық жағдайдағы Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары мен саяси қадамдарына қатысты. Ең алдымен Президент өз назарын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің дисфункциясына әкеліп соқтырған ірі державалар арасындағы өзара айыптаулардың өсуіне, осыған байланысты әлемдегі тұрақсыздықтың күшеюіне және бұл орайдағы күрделі тепе-теңдік жағдайындағы Қазақстанның ұстанымына аударды.
Мемлекет басшысы халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың көптеген дағдарыстарға тап болған аласапыран кезеңді атап өтіп, бұның себептеріне, яғни алпауыт елдер арасындағы сенім дағдарысына, халықаралық дипломатияның дағдарысына және көпжақты институттардың дағдарысына қатысты мәселелерді айқындады. Осы орайдағы Қазақстанның халықаралық саясаттағы алар орны, айтар сөзі және халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастыққа берер көмегі жіті талқыланды.
Мемлекет басшысының осыған байланысты алдыға тартқан уәжі – Қазақстан тату көршілік пен бейбіт өмір сүрудің іргелі қағидаттарына адал болып қала береді. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында халықаралық сенім дағдарысы мен жаһандық көшбасшылықтың тапшылығын азайтуға белсенді үлес қосуды жалғастыруда.
Барлық көршілес елдермен және өңірлермен сындарлы қарым-қатынас орнату Қазақстанның сыртқы саясатының абсолютті басымдығы болып қала беретіні кездейсоқ емес. Еліміздің осы бағыттағы іс-әрекеттері соны айғақтайды. Тек 2024 жылдың өзінде ғана Қазақстан алты халықаралық ұйымға төрағалық еткен болатын. Олардың ішінде – Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Халықаралық Аралды құтқару қоры. Бұл ұйымдар қазіргі уақытта халықаралық күн тәртібін қалыптастырудаға үлкен ықпал етуде.
Сонымен қатар, әлемдегі бүгінгі геосаяси шиеленіс пен соған байланысты тәуекелдер жағдайында Президент медиацияның маңыздылығын қостап, Қазақстанның көптеген жылдар бойы сыртқы саясатында қолға алып келген принциптерін ерекше атап өтті. Олардың ішінде: кез келген қақтығыстарды тек қана бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешу, барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау және олардың ішкі істеріне араласпау сияқты басты басымдықтар.
Ең алдымен, Қазақстан халықаралық аренадағы өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның ең күрделі мәселелеріне келгенде сындарлы позицияны ұстанады. Бұл тұрғыда Қазақстан әмбебап құрылым болып қала беретін Біріккен Ұлттар Ұйымын әрқашан қолдап келді және болашақта да қолдайтын болады.
Қазақстанның осы бағыттағы сыртқы саясатының басқа да маңызды міндеттеріне сауда ынтымақтастықты дамыту, инвестицияларды тарту, жаңа энергия көздерін игеру және оны жаңғырту мен тасымалдау бағыттарын әртараптандыру жатады.
Жалпы, Қазақстан соңғы жылдары аймақтық және халықаралық саясат үшін стратегиялық маңызы бар ел ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес. Бұған Қазақстанның мұрындық болуымен өңірлік және жаһандық ойыншылар арасындағы жаңа дипломатиялық платформалар мен өзара іс-қимыл форматтарының құрылуы да, халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің көптеген негізгі мәселелері бойынша еліміздің прагматикалық ұстанымы да ықпал етті. Осының барлығы аймақтық және жаһандық саясаттың көптеген субъектілері тарапынан Қазақстанды орта держава ретінде қарастыруына түрткі болды. Бұл, ең алдымен, біздің еліміздің халықаралық аренадағы өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, сындарлы позицияны ұстануға қабілеттілігін көрсетеді.
Мұхит Асанбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы