Бүгін Алматыда еліміздің жетекші талдау орталығының 30 жылдығына орайластырылған ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тарихи-құжаттық көрмесі мен дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара ҚСЗИ қара шаңырағында, 30 жыл бұрын институттың іргесі қаланған ғимаратта өтті. Еліміздің жетекші талдау орталығын құттықтауға ҚСЗИ-дың бұрынғы қызметкерлері мен ардагерлері, зерттеу ұйымдары мен талдау орталықтарының жетекшілері келді.
«Қазақстанның стратегиялық дамуының сараптамалық қамтамасыз етуіне ҚСЗИ қосқан үлесі» атты дөңгелек үстелді ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов ашты. «Мерейтой – атқарылған жұмысты қорытындылау үшін жақсы себеп. Мың шақырымдық жол бір қадамнан басталады. Біздің институт 1993 жылы Президент Жарлығымен құрылды. Ең алдымен, бұл ҚСЗИ-дың негізін қалаған, институттың тұңғыш директоры Өмірсерік Қасеновтың еңбегі. Біз жақында мұрағатты ақтарғанда ол кісінің институттың құрылуына, құрылымына қаншалықты стратегиялық тұрғыдан қарағанына көзіміз жетті. Біз ҚСЗИ-дың құрылымы мен зерттеу бағыттарының барлығын 30 жылда сақтап қалдық. ҚСЗИ құрылғаннан бастап сараптамалық жұмыстың өте жоғары деңгейі қойылды. Бұл институттың жетістігін көрсетті. Осы жылдар ішінде 5 мыңнан астам талдамалық және ақпараттық материалдар жарияланып, 663 ғылыми іс-шаралар өткізілді. Институт қызметкерлері 3 384 ғылыми мақала жариялап, 6 000-нан астам БАҚ-та сөз сөйледі».
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры «ақыл-ой орталығының» қазіргі көрінісі мен құрамын атап өтіп, институт негізделген іргетасты бұрынғы директорлар құрғанын айтты. Еркін Тұқымов Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафинаға «ҚСЗИ 30 жыл: даму жолы» тарихи-құжаттық көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Көрмеде институт қызметінің 30 жылдық мұрағаттық материалдары көрсетілді. «Даму жолы» атауы берілген көрмеде ҚСЗИ тарихының барысына әсер еткен алғашқы құжаттар, маңызды бұйрықтар, атаулы оқиғалар мен іс-шаралардың фотосуреттері бар. Сонымен қатар институт шығарған соңғы басылымдар, кітаптар, монографиялар мен журналдар ұсынылды.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын 2005-2014 жылдар аралығында басқарған экс-директор Болат Сұлтанов: «ҚСЗИ-да аңғарғаным – ең алдымен адамдарға деген құрмет, екіншісі – алдымен өзіне, одан кейін қызметкерлерге қойылатын жоғары талап. Менің алдымда үлкен міндет тұрды – бұл білікті адамдарды, кәсіби мамандарды табу. ҚСЗИ-дың қазіргі қызметіне қарасам, институт дұрыс жолда деп ойлаймын. Өмірсерік Қасеновтан бастаған серпін қазір де жалғасып жатыр. Институт өзіне жүктелген міндеттерді орындап жатыр. Ең бастысы — «көкжиектің ар жағына қарау». Сарапшы алдын ала не болатынын болжап, жағымсыз салдарды қалай азайтуға болатыны туралы ұсыныс беріп, республикамыз үшін, халқымыз үшін не істеу керек екенін білу қажет».
Қонақтардың қатарында Фридрих Эберт қорының елдік директоры Александр Вольтерс болды. Ұйым ҚСЗИ-дың алғашқы серіктестерінің бірі және ынтымақтастығымыз әлі күнге дейін жалғасып жатыр. «Саясат пен қоғамды талдау – Қордың күнделікті жұмысының бөлігі. Ынтымақтастықтың 30 жылы ішінде біз ҚСЗИ-мен бірлесіп жиырмаға жуық іс-шара өткіздік. Түрлі тақырыптарда кездесу өткізіп, қарым-қатынасымызды дамыттық. ҚСЗИ ұжымының жоғары кәсібилігінің арқасында біздің барлық бірлескен іс-шараларымыз өте жоғары деңгейде өтті. Біз осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз – бұл институттың жоғары кәсіби ұжымымен тығыз ынтымақтастықтың, ашық және достық қарым-қатынастың нәтижесі екенін анық түсінеміз», – деді Александр Вольтерс.
Іс-шараға қатысқан спикерлер арасында Д. Елеукенов, К. Хафизова, С. Әкімбеков, Н. Сейдин, З. Жамыханова, Р. Қадыржанов, Ү. Нысанбек, В. Нохрина, Е. Пастухов, М. Спанов, Л. Гусева және басқалар болды. Қонақтардың әрқайсысы ҚСЗИ-дағы жұмыс жылдары туралы, институт қалыптасуының әртүрлі кезеңдері туралы, қазіргі таңда «ақыл-ой орталығына» қандай үміт артып отырғаны туралы айтты. Сонымен қатар олардың барлығы ҚСЗИ-дың «кадрлар ұстаханасы» ретінде қосқан үлесін атап өтті. Қызметкерлерге қойылатын жоғары талаптардан тұратын кадрлық саясат және дарынды талдаушылар мен ғалымдарды іздеу институтты ерекшелендіреді. «ҚСЗИ-да қызмет ететін адамдар – біздің басты құндылығымыз», – деді Еркін Тұқымов өз сөзінде.
Іс-шара соңында ҚСЗИ директоры дөңгелек үстелге қатысқан сарапшыларға алғыс білдіріп, институт қызметкерлерінің әрқайсысының маңызды үлесін атап өтті. Институт ардагерлері мен серіктестеріне алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.