Skip to content
Басты бет » Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сыртқы саясаттың өзекті мәселелерін талқыланды

Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сыртқы саясаттың өзекті мәселелерін талқыланды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бірлескен ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде» атты халықаралық конференция өтті.

Сыртқы саяси ведомство басшылығының, дипломатия ардагерлерінің, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шара отандық дипломатиялық қызметтің 30 жылдығына арналған болатын.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов «Дипломатиялық қызмет – ұлттық мүдделерді ілгерілету құралы» пленарлық отырысында модераторлық етті. Өзінің алғы сөзінде Қазақстанның дипломатиялық қызметі 30 жыл ішінде халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғау мен ілгерілету жолында зор үлес қосқанын атап өтті.

«Өткен отыз жыл ішінде Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы (Сыртқы істер министрлігі) халықаралық аренада еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге орасан зор үлес қосқан саяси және мемлекеттік қызметшілердің жоғары кәсіби қоғамдастығы ретінде қалыптасты.

Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың егеменді мүшесі, халықаралық және өңірлік ұйымдардың беделді мүшесі, әлемде мойындалған және лайықты қолдауға ие болған бірқатар маңызды сыртқы саяси бастамалардың негізін қалаушы.

Қазақстанның дипломатиялық қызметі 30 жылдық қалыптасу кезеңінен өте отырып, әлі талай үлкен және жарқын жетістіктерге жететініне сенімдімін» , – деді Еркін Тұқымов.

Конференцияда сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ беделді қазақстандық тарихшы-ғалымдар мен саясаттанушылар, дипломатия ардагерлері сөз сөйледі.

Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің директоры Татьяна Валовая, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі Арнайы өкілі Ли Хуэй, МГИМО университетінің ректоры Анатолий Торкунов, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Нуман Куртулмуш, танымал америкалық саясаттанушы Ариэль Коэн өздерінің бейне жолдауларын жіберді. Олардың баяндамаларында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының мерейтойымен құттықтаулар айтылып, қазақстандық дипломатия мектебіне жоғары баға берілді.