Skip to content
Басты бет » Тәуелсіздік бейнесі сандарда: мәліметтер біз туралы не дейді?

Тәуелсіздік бейнесі сандарда: мәліметтер біз туралы не дейді?

Жанар Нақыпбаева,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы

16 желтоқсан күні тәуелсіз ел болғанымызға 34 жыл толды. Осы күнге дейінгі жолымыз әрдайым тегіс болмағанымен, дәл осы жол заманауи, еркіндіктің құндылығын терең түсінетін, мемлекетке сенім артып, оны қолдауға қабілетті және болашақты бірлесе құруға дайын ұлтты қалыптастырды. Мемлекет өз кезегінде халықтың пікіріне құлақ асу, қажеттіліктерін ескеру арқылы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етумен, азаматтардың алдындағы жауапкершілігін көрсетіп отыр. Осы үйлесімді тандем – парасатты қоғам және мемлекеттің жауапкершілігі – елдің тұрақты дамуының, сондай-ақ әрбір азаматтың өмір сүру сапасының жоғары болуының берік негізін қалайды.

Қоғамның қазіргі жағдайын объективті бағалау және құр эмоциялық пайымдардан ұзақ болу үшін деректер мен көрсеткіштерге сүйену маңызды. Олар «Бүгін, Тәуелсіздіктің 34-ші жылында қазақстандықтар қандай? Халық өз өміріне қаншалықты қанағаттанады, олардың көңіл-күйі қандай, болашаққа қаншалықты сеніммен қарайды?» деген секілді негізгі сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Сауалнама нәтижелері қоғамның нақты жағдайын бейнелейді, олар тәуелсіздік жылдарындағы дамуды көрсете отырып, елдің өз мақсаттарына жетуінде қалай дамып отырғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен, ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылдың 3 қазаны мен 5 қарашасы арасында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу бізге қоғамды келесідей сипаттайды:

  • қазақстандықтардың басым бөлігінде өмірмен қанағаттанудың жоғарғы деңгейі байқалады. Жалпы алғанда респонденттердің 92,8%-ы өз өмірімен «толық қанағаттады» (58,7%) және «көбіне қанағаттанады» (34,1%);
  • халықтың жартысынан көбі өздерінің материалдық жағдайының динамикасын оң бағалайды және оның алдағы уақытта жақсаратынына оптимизммен қарайды. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің едәуір үлесі (61,1%) соңғы бір жыл ішінде материалдық жағдайының «айтарлықтай жақсарғанын» (24,4%) және «көбіне жақсарғанын» (36,7%) атап өткен. Сондай-ақ, 73,1% қазақстандықтар келесі жылы өздерінің әл-ауқатының одан әрі артуын болжайды, Бұл халық арасында жоғары деңгейдегі әлеуметтік оптимизмнің қалыптасқанын және тұрақты оң күтімдердің бар екенін көрсетеді;
  • респонденттердің басым көпшілігі елдің қазіргі даму бағытына оң көзқарас білдіреді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес қазақстандықтардың 81,1%-ы қазiргi саяси курсқа қолдау көрсетеді және елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтады;
  • қазақстандықтар елдегі жалпы тұрақтылық деңгейін де оң бағалайды. 74,6% респонденттер Қазақстанда тұрақтылық сақталып отырғанын атап өткен. Бұл тұрақты қоғамдық көңіл-күйдің басым екенін көрсетеді;
  • және де ең бастысы – қазақстандықтардың арасында Президентке сенім тұрақты түрде жоғары деңгейін сақтап отыр. Сенім көрсеткіші 86%-ды құрайды.

Халықтың экономикалық әл-ауқаты, Президентке деген жоғары сенімі, әлеуметтік оптимизмі және елдің даму бағытын оң бағалауы – тұрақты әрі серпінді дамитын қоғамның негізін құрайтын құндылықтар.

Әсіресе осы контекстте елдің болашағы болып саналатын жастардың әлеуметтік көңіл күйін ерекше атап өткен жөн. ҚСЗИ мәліметтеріне сәйкес дәл осы жастар әлеуметтік-экономикалық жағдайдың динамикасы, әлеуметтік оптимизм деңгейі, елдің даму бағытын қолдау, Президентке сенім білдіру секілді негізгі индикаторлар бойынша ең жоғарғы көрсеткіштерге ие. Атап айтсақ,

  • жастардың абсолютті көпшілігі (96,2%) өз өмірімен жоғары деңгейде қанағаттанады;
  • әлеуметтік оптимизмнің ең жоғары деңгейі де жастарға тән. Жастардың 72,6%-ы өздерінің материалдық жағдайының динамикасын оң бағалайды. Олардың 83,1%-ы келесі жылы өз өмірлерінің бүгінге қарағанда жақсаратынына сенімді. Сонымен қоса, жастардың арасында қоғамдық қолдау деңгейі де жоғары деңгейді құрайды. Жас респонденттердің 85,5%-ы елде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіреді;
  • және де, Президентке сенімнің ең жоғары деңгейі де осы жастар арасында тіркеліп отыр (90,1%).

Өмір сүру сапасының негізгі және базалық көрсеткіштері бойынша жастар арасында тіркелген тұрақты жоғары нәтижелерді ел үшін стратегиялық маңызы бар жетістік ретінде қарастырған жөн. Бұл үрдістер тәуелсіздік кезеңінде мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылыққа ие, азаматтық бірегейлігі қалыптасқан әрі ұлттық дамудың болашағына қатысты оң күтімдері бар ұрпақты қалыптастыра алғанын көрсетеді.

Жалпы ҚСЗИ нәтижелері салыстырмалы түрде қысқа тәуелсіздік кезеңінде елімізде тұрақты оң күтімдерге, жоғары институционалдық сенімге және әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі бағытын қолдауға негізделген ұлт қалыптасқанын дәлелдейді.