Айдар Құрмашев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы
Қазақстан бұл үдерісте бастамашыл болуға ұмтылысын айқын көрсетіп отыр. Ұйым жанынан өкілдік ашу, мәдени және жастар астаналарын айқындау, парламенттік және сайлау процестері бойынша ынтымақтастық – мұның бәрі тұрақты байланыс желісін құрудың элементтері болып табылады. Бұл қадамдар ұйымның институционалдық дәрежесін арттырады, ал онсыз ұйым тек символдық бірліктің құралы болып қалу қаупіне ұшырайды.
Венгрия түркі әлемімен тарихи ортақ шекаралас болмағанына қарамастан, бұл үдерістің сыртқы маңызды қатысушыларының біріне айналып келеді. Оның белсенді қатысуы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) тек этномәдени бірлестік қана емес, сонымен қатар икемді геоэкономикалық платформа бола алатынын көрсетеді.
Венгрияның Қазақстандағы инвестициялары негізінен өндіріс пен логистика салаларында шоғырланған. Бұл Будапешттің ТМҰ арқылы Орталық Азияға шығу арнасын қалыптастыруға ұмтылысын білдіреді. Өз кезегінде Астана да Венгриямен ынтымақтастық арқылы Еуропалық Одаққа апаратын, шамадан тыс жүктелген әрі саяси тұрғыда күрделі бағыттарды айналып өтетін балама жолға ие болады.
Президент Тоқаев өз сөзінде ұйым аясында қабылданған ережелер мен рәсімдік нормаларды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Бұл – маңызды ұсыныс. Кез келген тұрақты бірлестік тек саяси ерік-жігермен ғана емес, ортақ регламенттерге бағынумен де өміршең болады. Міндеттемелерді қатаң орындауға шақыру – Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын саяси риторика алаңы емес, болжамды әрі сенімді орта ретінде қалыптастыруға деген ұмтылысын білдіреді.
Логистика, цифрлық инфрақұрылым және энергетика салаларындағы бірлескен жұмысты жандандыру туралы ұсыныс әртараптандырудың қисынды стратегиясына негізделеді. Транскаспий құбырының құрылысы мен Каспий арқылы талшықты-оптикалық кабель тарту жөніндегі жоспарлар тек байланысты күшейтуге ғана емес, сонымен қатар сыртқы тораптарға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Бұл Қазақстанның жаһандық тұрақсыздық жағдайында логистикалық тәуекелдерді әртараптандыруға ұмтылысын көрсетеді.