Биыл Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны еліміздің батыс бөлігінде Атырау қаласында өтті. Бұл консультативтік-кеңесші органның басты мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін жүзеге асыру. Сонымен бірге қоғамды ілгерілету бойынша практикалық маңызы бар ұсынымдар әзірлеу.
Осыған байланысты 2022 жылдан бастап атқарылған жұмысқа назар аудару маңызды. Мәселен, құрылтай отырыстары барысында қазіргі кездегі жасөспірімдер мен жастардың арасындағы мәселелерге көңіл бөлінді және бірқатар ұсыныстар берілді. Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар оқушылар мен жастар арасында электронды темекіні/вейпті тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Қазіргі кезде Парламентте вейпті әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу туралы заң қарастырылуда. Тағы бір бастама ретінде 2023-2024 оқу жылына арналған балалардың лудоманияға және компьютерлік ойындарға тәуелділігінің алдын алу бойынша әзірленген жол картасын айтуға болады. Бұл жерде біз бір ауқымды бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өттік. Басқа да бағыттар бойынша нәтижелі бастамаларды байқауға болады.
Өскелең ұрпақтың елдің болашағы екенін ескеретін болсақ, олардың интеллектуалды потенциалын арттыруға байланысты көтерілген тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салу идеясын, Ұлттық кітап күнін атап өту бастамасын да ерекше атап өтуге болады.
Сонымен, Ұлттық құрылтай жан-жақты идеялар мен бастамаларды біріктіретін ауқымды алаң деп қорытындылауға болады.
Дулат Өтеғали,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы