Айгерім Абдрашитова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы
Қазақстан секілді көпэтносты мемлекетте әрбірінің өз тілі, мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымына құрмет бар, олардың ұлттық болмысын сақтауға тиым жоқ. Елде тұратын 20 миллионнан астам халықтың ішінде небары 69 916 адам[1] ғана өз этникалық шығу тегін ресми құжаттарда көрсетпеген. Бұған қарап көпшіліктің өзінің этникалық бірегейлігін сақтауға деген ұмтылысын көруге болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдың ішінде елдегі осындай этномәдени әралуандықты біріктіріп, біздің біртұтастығымыздың айнасы мен әлеуетімізге айналып отыр. Себебі, қазіргі алма-кезек заманда «біз өзгешеміз» қағидатынан гөрі «бірігіп даму жолын іздеу» маңызды. Бұл тұрғыда мәселе тек әлеуметтік, экономикалық сын-қатерлерге төтеп берумен реттелмейді. Олармен қатар қоғамдық сана, ортақ идея мен ұмтылысқа мән беру керек. Біріктіруші ортақ мақсат-міндеттердің айқын болуы қоғамды алға жетелейді. Мәселен, қоғамдық сананың өзгеруі, ұлттық идея Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді азиялық елдерді озық етті. Ортақ мүдде мен мақсат оларды даму жолына әкелді.
Ассамблея осы жолда елде бейбітшілік, тұрақтылықты қамтамасыз етудің, нығаюдың сенімді алаңы. Оның түрлі құрылымдары – Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жастар ұйымы, «Жомарт жан» қайырымдылық орталықтары, Этномедиация кеңесі, Журналистер клубы, Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен шығармашылық ұжымдар – азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосуда.
Әлемде 5 мыңнан астам этнос бар. Олдардың тек 196-сы ғана мемлекет құру мүмкіндігіне ие болды[2]. Қазақстан осы аз ғана мемлекеттердің бірі. Көпэтносты, бейбітсүйгіш әрі мәдениеті бай ел ретінде дамып келеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясын этносаралық келісімді сақтаумен қатар, жаңа қоғам мен озық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қоғамдық институт. Сондықтан оның ары қарай жетілу қажеттігі – уақыт талабы.
Бұл бағытта Ассамблея құрамында өткен жылдан бері Жас ғалымдар клубы жұмысын бастады. Қазірдің өзінде 13 өңірдің саясаттану, әлеуметтану, философия, археология, денсаулық сақтау, химия, құқықтану, экология, биология/зоология, экономика, мәдениеттану, IT, спорт, дінтану секілді бағыттар бойынша ғалымдар мен сарапшылар бірігіп отыр. Олар маңызы бар бағыттар бойынша зерттеулер жасап қоймайды, аймақтардың ғылыми әлеуетінің дамуына ықпалдасады.
[1] Қазақстан Республикасы халқының жекелеген этностар мен жас топтары бойынша саны (2025 жыл басына). ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы https://stat.gov.kz/industries/social-statistics/demography/publications/281840/
[2] Е.В. Тұқымов. Қазақстанның болашағы: мүмкіндіктердің «тар дәлізі». 188 б.