Skip to content
Басты бет » Жұмысшы мамандықтар – болашаққа салынатын капитал

Жұмысшы мамандықтар – болашаққа салынатын капитал

Гүлназ Қасымова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің
бас сарапшысы

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси маусымды ашып, Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жасады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы ел дамуының басым бағыттарын айқындап, басты назарды экономика мен әлеуметтік саясатқа аударды. Өйткені бүгінде дәл осы салалар қоғам сұранысының өзегінде тұр.

Алдыңғы Жолдауында Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, кәсіптік білімнің рөлін қайта қарау қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытты жалғастыра отырып, бүгінгі Жолдауда да жұмысшы мамандықтарының маңызы, олардың мәртебесін көтеру және еңбекақысын лайықты деңгейде қамтамасыз ету қажеттігі қайтадан баса айтылды: «Басты міндеттердің бірі — көгілдір халаттылардың беделін арттыру және олардың жұмысына лайықты жалақыны қамтамасыз ету».

Біз жүргізген enbek.kz және hh.kz секілді танымал жұмыс іздеу платформаларындағы бос орындар талдауы жұмыс берушілердің орта деңгейлі біліктілікке ие үміткерлерге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Бұл үрдіс еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістермен үндес: мұнда дәстүрлі жоғары білімнің маңызы біртіндеп төмендеп, оның орнын тәжірибелік және қолданбалы дағдылар басып келеді.

Халықаралық зерттеулер (The Programme for the International Assessment of Adult Competencies, 2024) жоғары оқу орнының дипломы негізгі құзыреттердің жоғары деңгейін қамтамасыз етпейтінін дәлелдейді. Университет түлектерінің арасында да оқу мен қарапайым есептеуде қиналатын ересектер аз емес. Мәселен, АҚШ-та 2012-2023 жылдар аралығында ересектер арасындағы оқу сауаттылығы (literacy) төмен деңгейде болғандардың үлесі 18-19%-дан 28%-ға өсті, ал математикалық сауаттылығы (numeracy) төмендердің үлесі 28-29%-дан 34%-ға дейін артты. Бұл ресми білім сапасы мен нақты дағдылардың дамуы арасындағы алшақтықты көрсетеді, сондықтан жұмыс берушілер «диплом мәртебесіне» емес, құзыреттерге назар аударуға ұмтылады.

Осы тұрғыда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі тәжірибеге бағытталған және дуальді оқыту форматы түлектерге айтарлықтай артықшылық береді. Тек былтырдың өзінде Қазақстан колледждерін 158,7 мың студент тәмамдап, олардың 58,5%-ы еңбек нарығына шықса, небәрі 16,1%-ы оқуын жоғары оқу орындарында жалғастырды. Жаңартылған колледж бағдарламалары түлектердің кәсіби ортаға жылдам бейімделуіне және оның талаптарына сай әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде белсенді еңбек етіп жүргендердің арасында да қосымша білім алуға деген сұраныс жоғары болып отыр. 2024 жылы ҚСЗИ дағдыларды дамытуға қатысты зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, әрбір бесінші қазақстандық соңғы 12 айда түрлі курстардан өтті. Бұл ретте жұмыспен қамтылғандар біліктілікті арттыру бағдарламаларына жұмыссыздарға қарағанда үш есе жиі қатысқаны анықталды.

Технологиялар да жаңа қиындықтарды тудыруда. PIAAC сарапшылары жасанды интеллект қазірдің өзінде ересектердің көпшілігін басып озғанын атап өтті: адамдардың шамамен 90%-ы ЖИ мүмкіндіктерінен аспайтын оқу деңгейін көрсетеді, ал математикада бұл көрсеткіш 57-88% құрайды. Нәтижесінде, жұмысшы мамандықтарының болашағы дәстүрлі практикалық дағдылармен ғана емес, сонымен қатар автоматтандыруға қиынырақ келетін цифрлық когнитивті және бейімделу дағдыларын дамытумен байланысты болады.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің колледж студенттерін қолдауға бағытталған: жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшуден бастап, колледждерді түбегейлі қайта жарақтандыруға, дуалды оқытуды енгізуге, педагогтарды кәсіби қайта даярлауға дейінгі саясаты уақтылы жүзеге асырылуда. Мәселен, 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар үшін стипендия мөлшері орта буын үшін — 31 422-ден 41 896 теңгеге дейін, жұмысшы мамандықтары үшін — 32 681-ден 43 574 теңгеге дейін өсті.

Жұмысшы мамандықтары бүгінде жұмыспен қамту сегментіне ғана емес, ұлттық еңбек нарығының стратегиялық ресурсына айналуда. Оларды қолдау және дамыту технологиялық өзгерістер жағдайында экономикалық тұрақтылықтың шарты.