Skip to content

ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ФОРУМ – 2026

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР: ТРЕНДТЕР МЕН СЫН-ҚАТЕРЛЕР

1-2 МАУСЫМ 2026 ЖЫЛ, АЛМАТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Нархоз Университетімен бірлесіп «Цифрлық дәуірдегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты әлеуметтанушылар форумын өткізеді. Аталған форум 2026 жылғы 1-2 маусым күндері Алматы қаласында өтеді.

Қазіргі таңда әлеуметтанулық зерттеулер үйреншікті құралдар бұрынғыдай тұрақтылық бермейтін, ал жаңа тәсілдер әлі толық пайымдалып үлгермеген жағдайда жүзеге асырылуда. Респонденттердің жауап беру деңгейінің төмендеуі, олардың шаршауы, аудиторияға қолжетімділіктің күрделенуі далалық жұмыстардың логикасын өзгертуде. Сонымен қатар цифрлық деректер көлемі артып, жаңа талдау мүмкіндіктері пайда болуда, бұл өз кезегінде нәтижелердің салыстырмалылығы, сапасы мен интерпретациясына қатысты сұрақтар туындатады. Яғни, мәселе жекелеген өзгерістер туралы емес, зерттеу тәжірибесінің біртіндеп қайта құрылуы туралы болып отыр.

Осындай жағдайда жекелеген әдістерді талқылаумен шектелмей, әлеуметтанудың жалпы алғанда дәлдігі мен сенімділігін сақтау үшін қалай өзгеруі керектігі жөнінде кең ауқымды пікір алмасу маңызды. Алматы қаласында 1-2 маусым күндері өтетін «Цифрлық дәуірдегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты әлеуметтанушылар форумы осы мәселені талқылауға арналады.

Форум әлеуметтанулық зерттеулердің әдіснамасы – зерттеу дизайнынан бастап деректерді талдау мен нәтижелерді интерпретациялауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын кәсіби алаң ретінде ойластырылған. Мәселе бүгінгі күні зерттеу орталықтары, университеттер мен талдамалық құрылымдар тап болып отырған практикалық сұрақтар туралы болмақ. Деректерді жинаудың әртүрлі арналары қалай үйлестіріледі? Сауалнама деректері мен цифрлық көздерді қалай ұштастыруға болады? Өзгермелі орта жағдайында зерттеу сапасын қалай сақтау керек?

Талқылауға ірі зерттеу жобалары мен халықаралық деректер базаларымен жұмыс істейтін белгілі әлеуметтанушылар қатысады. Олардың тәжірибесі әдіснамалық мәселелерді абстрактілі түрде емес, нақты зерттеу тәжірибесі негізінде қарастыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында:

  • Ю Се – China Family Panel Study жобасының академиялық жетекшісі (АҚШ)
  • Теодор Гербер – посткеңестік қоғамдардағы әлеуметтік стратификацияны салыстырмалы зерттеу жөніндегі маман (АҚШ)
  • Марсель Дас – LISS-панелінің (Longitudinal Internet Studies for the Social Sciences) жетекшісі және әзірлеушісі (Нидерланды)
  • Татьяна Карабчук – UAEU қауымдастырылған профессоры, WAPOR атқарушы комитетінің мүшесі, «Gender, Work & Organization» журналы бас редакторының орынбасары (БАӘ)
  • Франческо Сарачино – әл-ауқатты өлшеу саласындағы танымал зерттеуші, Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының әл-ауқат және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі әрі зерттеулер жөніндегі бөлім басшысының орынбасары (Люксембург)
  • Айгүл Забирова – профессор, бас ғылыми қызметкер, қоғамдық пікірді, әлеуметтік және мемлекеттік саясатты зерттеу саласының маманы (Қазақстан)
  • Александр Рузанов – BRIF зерттеу компаниясының басшысы (Қазақстан)

Форумға қоғамдық пікір деректерімен жұмыс істейтін зерттеушілер, оқытушылар, сарапшылар, ғылыми-зерттеу компаниялары мен мемлекеттік құрылымдардың мамандары шақырылады.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Нархоз Университеті.

Форумға қатысу үшін 2026 жылғы 15 мамырға дейін https://forms.gle/qkZZL8DA7xbXcToH6 сілтемеcі арқылы тіркеуден өту қажет.

Орын саны шектеулі, іріктеу қорытындысы бойынша қатысу растамасы тіркеу кезінде көрсетілген электрондық поштаға жіберіледі.