Skip to content
Басты бет » Астана Халықаралық форумында ҚСЗИ-дың панельдік сессиясы өтті

Астана Халықаралық форумында ҚСЗИ-дың панельдік сессиясы өтті

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Астана Халықаралық форумының (АХФ) «Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» алаңында панельдік пікірталастың ұйымдастырушысы болды.

Іс-шараға ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, БҰҰ Экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин, ЭЫДҰ Еуразиялық бөлімінің басшысы Уильям Томпсон, Тәжікстандағы International Finance Corporation (IFC) өкілі Фарух Султонов, Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің жеткізу бөлімінің меңгерушісі Азиза Умарова қатысты. Сессия модераторы «La Figaro» журналисі Рено Жирар болды.

Модератордың Орталық Азия елдерінің бүгінгі жағдайы, 5 елдің байланыстары және болашақ ынтымақтастығы туралы бірінші сұрағына жауап бере отырып, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов біздің өңірдегі кез келген интеграцияны іргетассыз құру мүмкін емес екенін айтты.

«Атақты венесуэлалық ғалым, Foreign Policy журналының бұрынғы редакторы Мойзес Наимның көзқарасына сүйенсек, көпшілік, мобильдік және менталитет революциясы сияқты өзгерістер адамзат тарихында алғаш рет биліктің табиғатын өзгертетін бұрын-соңды болмаған жағдайлар туғызды. Біріншіден, көпшілік революциясы туралы айтатын болсақ, Орталық Азия елдерінің халқы 49 млн-нан 79 млн-ға дейін өсті, өсім 60%-дан асты. 2050 жылға қарай 100 млн-ға өседі деп күтіледі. Орта өмір сүру ұзақтығы аймақ бойынша орта есеппен – 70 жыл. Кедейлік деңгейі сызықтық түрде болмаса да, дегенмен төмендеді. Мысалы, Дүниежүзілік Банктің әдіснамасы бойынша Қазақстанда кедейлік деңгейі 2001 жылдағы 65 пайыздан 2017 жылы шамамен 8,5 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі таңда адамдардың көбі сапалы білімге, медицинаға, жаңа технологияларға қол жеткізе алады. Сонымен қатар жастар одан әрі сауатты болып, Интернетке еркін қол жеткізе алады», – деді Еркін Тұқымов.

«Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» панельдік сессиясында спикерлер инфрақұрылымды, экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамыту мәселелері бойынша өңір ішіндегі өзара іс-қимыл туралы да сөз қозғады. Су қауіпсіздігі, климаттық өзгерістер, өңірдің мәдени және тілдік ерекшеліктері сияқты мәселелер көтерілді.

Орталық Азия елдерінің болашағы тақырыбын талқылай отырып, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов былай деді: «Мақсаттар нақты және қол жеткізе алатындай мүмкін болуы тиіс. Мысалы, ОА елдерінің астаналары арасындағы тікелей рейстер».

Панельдік сессияны аяқтай отырып, спикерлер Орталық Азия елдері үшін реформалар, ынтымақтастық пен қауіпсіздік арасындағы стратегиялық тепе-теңдікті табу негізгі міндет деген мәмілеге келді.