30 қыркүйек күні Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) құрылғанына 80 жыл толуына орай «Еуразиялық кеңістіктегі орнықты даму және қауіпсіздік» атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және ММХҚИ бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев қатысты. Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.
«Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.
«Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі В.Р. Мединский Ресей президенті В.В. Путиннің конференция қатысушылары мен қонақтарына арналған алғысөзін оқыды. РФ Президенті өз сөзінде конференция бастамасын жоғары бағалап, конференция шеңберіндегі пікірталас мазмұнды, сындарлы болатынына және ұсынылған ұсыныстар практикалық іске асырылатынына сенім білдірді.
ММХҚИ ректоры академик А.В. Торкунов университеттің мыңнан астам түлектері Қазақстанда, экономиканың түрлі салаларында, корпоративтік басқаруда, дипломатиялық және мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, елдің үдемелі дамуына және еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Е.В. Тұқымов конференция алаңында талқыланатын тақырыптар өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына сәйкес орнықты даму мен қауіпсіздікті нығайтудың түрлі жолдары бойынша Еуразиялық кеңістікте ынтымақтастық қажеттігін атап көрсететініне сенім білдірді.
Конференцияның күн тәртібіне еуразиялық кеңістіктегі көпжақты экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияның, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері, қазіргі климаттық күн тәртібі мен экологияның бірқатар аспектілері, сондай-ақ екі елдің ғылыми-білім беру ынтымақтастығының перспективалары қойылды.
Еуразиялық кеңістіктегі көпжақты ынтымақтастық пен интеграцияның форматтары мен перспективаларына арналған панельдік сессияда Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары М.Ю. Галузин қазіргі әлемде бір елде тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкін емес, барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру, өзара құрмет және тығыз ынтымақтастық қажет екенін айтты.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.А. Абаев қазіргі халықаралық конфигурацияның көпполярлы және плюралистік әлемге айналдыру дамудың жаңа парадигмаларын іздеуге бағытталған зияткерлік күш-жігердің орасан зор маңыздылығын атап өтті.
РФ Федералды Жиналысы Федерациясы Кеңесі төрағасының орынбасары К.И. Косачевмүмкін серіктестермен диалогтың және олардың Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық туралы идеяларымен келісуді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде АӨСШК Бас хатшысы Қ.Ш. Сарыбай жаһандық геосаяси өзгерістер аясында халықаралық қатынастардың шын мәнінде көпполярлы парадигмасына тұрақты көшу жүріп жатқанын атап өтті.
Еуразиядағы энергетикалық және көліктік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтыған пікірталаста ҚР Энергетика вице-министрі А.Ж. Жамауов көліктік-логистикалық маршруттарды интеграциялау және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту экономикалық қажеттілік қана емес, сонымен қатар орнықты болашақ үшін негіз болып табылатынын айтты.
Сонымен қатар РФ Энергетика министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Д.Б. Семенов Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ОЭК саласындағы қарым-қатынастарындағы басты міндеттердің бірі біріккен энергетикалық әлеуетті барынша пайдалану болып табылатынын атап өтті.
Жеке сессия Еуразиялық кеңістіктің экологиялық сын-қатерлері мен климаттық күн тәртібін талқылауға арналды. ҚР Президентінің Кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл З.Б. Сүлейменова планета мен адамдардың мүддесі үшін климаттық сын-қатерлерді шешу елдердің тығыз өзара іс-қимылын талап ететініне сенім білдірді. Еуразиялық кеңістіктегі экологиялық күн тәртібінің әртүрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық туралы айта келе, Зүлфия Болатқызы Қазақстанда Каспий теңізінің проблемаларын зерделеудің ғылыми-зерттеу институтын құруды атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған сессияда сөз сөйлеп, білім беру және ғылыми өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін ашатын жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі біздің жоғары оқу орындарымыздың филиалдарын тепе-тең негізде құру болып табылатынын атап өтті.
Конференцияның пікірталастарына бейінді ведомстволар мен ұйымдардың басшылары, парламентшілер, екі елдің ғылыми-білім беру және сараптамалық-талдау қоғамдастығының өкілдері қатысты.