Skip to content
Басты бет » Қазақстандағы ғылымды коммерцияландыру

Қазақстандағы ғылымды коммерцияландыру

12 сәуір күні Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Айта кетейік, әлемнің көптеген елдері бірқатар себептерге байланысты ғылымның дамуына ерекше назар аударады. Біріншіден, ғылыми зерттеулер мен зерттемелер жаңа технологиялар мен өндіріс әдістеріне алып келеді. Өз кезегінде бұл экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңа материалдарды, медициналық дәрі-дәрмектерді, электрониканы, энергетикалық және экологиялық технологияларды өндіру экономиканың жаңа салаларын құруға әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі. Үшіншіден, ғылым климаттың өзгеруі, ресурстардың тұрақтылығы, аурулармен күресу және т. б. сияқты әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде маңызды жаңа білім көзі.

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігі өндірістің жаңа технологияларын енгізу есебінен айқындалатынын атап өтті.

Айта кетейік, республикадағы ғылымды ілгеріту үшін 2015 жылы «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңы қабылданды.  Осы Заң қабылданған сәттен бастап Қазақстан Ғылым қоры 150-ден астам жобаға қолдау көрсетті. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі салаларын жетілдіруге бағытталған. Аталған жобалардан түскен табыс 26,5 млрд теңгені құрайды. Бюджетке 6 млрд теңгеден астам салық төлемдері төленді. Ғылыми жобалар 1400-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алды.

Сонымен қатар 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 643 млрд теңгені құрайды (2023 жылы – 158,6 млрд, 2024 жылы – 244,2 млрд, 2025 жылы-240,2 млрд теңге). Қосымша бизнес тарапынан 6,9 млрд теңгеден астам жеке қаржыландыру тартылатын болады.

Жалпы, Қазақстанда ғылымды коммерцияландыру үдерісі белсенді дамып келеді және Мемлекет басшысы мен Үкіметтен қолдау алады. Алайда басқа елдердегідей табысқа жету үшін уақыт пен ресурс қажет. Орта мерзімді перспективада ғылымға инвестициялар бүкіл қазақстандық қоғам үшін экономикалық пайда әкеледі.

Слямжар АХМЕТЖАРОВ,

Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің басшысы