2025 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінде Кореяның сауда-инвестицияларды ынталандыру агенттігінің (KOTRA) директоры, Корея Республикасының Алматыдағы консулдығының коммерциялық атташесі Ким Джунг Хун (Kim Jung-Hoon) және KOTRA директорының орынбасары Ким Мин Джонг (Kim Minjung). кездесу өтті.
Сапардың мақсаты – ҚСЗИ сарапшыларымен кездесу және ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің қызметімен танысу, сондай-ақ ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын және әріптестік байланыстарды кеңейтуді талқылау.
1962 жылы Корея Республикасы мен оның сауда серіктестері арасындағы өзара өркендеуге жәрдемдесу мақсатында құрылған Кореяның сауда-инвестицияларды ынталандыру агенттігінің 84 елде 124 кеңсесі бар. Алматыдағы KOTRA кеңсесі 2002 жылы ашылды және қазақстандық кәсіпорындарға Оңтүстік Кореямен бизнес жүргізуге көмектеседі.
Кездесуде геосаяси шиеленістерге байланысты жаһандық және Орталық Азиялық жеткізу тізбегіндегі өзгерістер, өзгермелі жағдайларда Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және шетелдік компаниялар, соның ішінде корейлік бизнес үшін перспективалық бағыттары, сондай-ақ Қазақстанның аймақтағы логистикалық, энергетикалық және сауда хабы ретіндегі рөлі талқыланды.
